Көк тайым
Құлын күнінен бәсірелеп, желіде тұрған кезінен сылап-сыйпап өзіме әбден үйір қылған көк тайымды ала жаздай міндім. Албаты шапқылап арықтатып, қолын түсіріп тастамай аялап міндім. Басында шылбыр қашағаны болатын, кейін қолға тұратын болды. Оның өзінде оқыранып маған ғана келеді. Адам жылқыға сонша бауыр басады екен-ау, таңертең тұра салып, сыртқа шыққанда көзіммен бірінші іздейтінім — көк тай. Көз көрім жерде болса, дыбыстасам, ол да шұлғып болса да «көрдім» дегендей бір белгі береді.
Ел жайлаудан етекке түскен күздің күні еді. Көк тайыммен соғымның малын қайырып жүргем, біздің ауылда тұратын Қасым деген кісі келе жатыр екен. «Ассалаумағалейкум!» деп амандастым, сәлемімді алып, сәл кідіріп тұрды...
