Алматыда 11 жыл бұрынғы қылмыс ашылды: туған қызы өз анасын өлтірген
Алматыда 11 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қожаевтың айтуынша, жыл басынан бері тергеушілердің өндірісінде шамамен 216 мың қылмыстық іс болған, 54 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында бұрынғы жасалған қылмыстар да бар.
"Алматыда биыл 11 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды. Әңгіме зейнеткер әйелдің өлімі туралы. Тергеу қайта жанданып, дәлелдер мұқият сараланып, куәлар қайтадан сұралды. Дұрыс тактика мен нақты қойылған сауалдар нәтижесін берді. Қылмысты марқұмның туған қызы жасағаны анықталды. Ол мұны пайдакүнемдік мақсатпен істеген", - деді департамент басшысы.
Еске салайық, жыл басында Қазақстанда Орал қаласында 25 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру дерегі де ашылған еді: екі жергілікті тұрғын оққа ұшқан. Қылмыстың себебі - қаржылай қиындық болған. Полицейлер қылмысқа тапсырыс берді деген күдіктіні және оны орындаған адамды ұстаған.
Сондай-ақ, күзде Ақмола облысында 2002 жылғы 4 қазанда жасалған кісі өлтіру ісі ашылды. Күдіктіні анықтауға ДНҚ сараптамасының талдауы көмектескен.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
