Конституция жобасына тұрғын үйден шығарып жіберуге тыйым салу туралы норма енгізілді
Жаңа Конституция жобасына сот шешімінсіз тұрғын үйден шығарып жіберуге тыйым салатын толықтыру енгізілді. Бұл туралы Конституциялық комиссияның он екінші отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Нұрмұханов бұл мәселені бұған дейін Мемлекет басшысы көтергенін еске салды. Осы тақырыпты талқылау барысында Конституциялық комиссия мүшелері Артур Ластаев пен Динара Закиева да пікір білдірген.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Қазақстан ратификациялаған көптеген халықаралық құжатта әрбір адамның жеке және отбасылық өміріне ерікті немесе заңсыз араласудан, сондай-ақ, тұрғын үйдің қолсұғылмаушылығына қол сұғудан қорғалуға құқығы бекітілгенін атап өтті.
"Осыған байланысты Конституцияның 28-бабының 1-тармағына сот шешімінсіз тек тұрғын үйден айыру ғана емес, одан шығарып жіберу де жол берілмейтіні туралы толықтыру енгізілді", - деп түйіндеді Нұрмұханов.
Тұрғын үйдің қолсұғылмаушылығына қатысты конституциялық кепілдіктерді күшейту бастамасын бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Мемлекет басшысы тұрғын үйден шығарып жіберу де, тұрғын үйден айыру да тек сот шешімімен ғана мүмкін екенін тікелей бекітуді ұсынып, Конституциялық комиссия мүшелерінен бұл ұсынысты қарастыруды сұраған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
