Қазақстан мен Австрия заңсыз мигранттарды қайтаруға келісті: Тоқаев заңға қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Австрия арасындағы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, Қазақстан Парламенті бұған дейін Қазақстан мен Австрия арасында заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялаған болатын.
Бұл құжаттың негізгі мақсаты - екі ел арасында заң талаптарын бұзып жүрген тұлғаларды қайтару және транзиттеу саласында құқықтық ынтымақтастық орнату. Келісімде заңсыз мигранттар мен елде болу немесе тұру құқығынан айырылған адамдарды қайтарудың нақты тәртібі мен мерзімдері белгіленген.
Анықтама: реадмиссия — бұл бір елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарды олардың азаматтығы бар немесе бұрын тұрған мемлекетіне қайтару рәсімі. Яғни, мемлекет өз азаматтарын немесе басқа тұлғаларды, егер олар шетелде көші-қон заңдарын бұзса, кері қабылдайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
