Қазақстандық әйел музыкаға қатысты жанжалдан кейін қамауға алынды
Көкшетауда барбершоптағы жанжалдан кейін бір әйел ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сегіз тәулікке қамауға алынды. Мұндай шешімді қаланың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты шығарды, деп хабарлайды Tengri Life.
Соттың мәліметінше, оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында Көкшетаудағы барбершоптардың бірінде болған. Іс материалдарына сәйкес, келуші әйел қоғамдық орында балағат сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан және қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сот отырысы барысында салон шаштаразы болып жұмыс істейтін куәгер мекемеде әртүрлі елдердің музыкасы ойнатылғанын айтты. Оның сөзінше, ол қазақша әндерді қосқан кезде әйел музыканы өшіріп тастап, мұндай әндерді үйде тыңдау керек деп теріс пікір білдірген.
Сотта құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, оның өз түсініктемелерімен, куәгерлердің айғақтарымен, видеожазбалармен және істің басқа да материалдарымен дәлелденгені атап өтілді. Сондай-ақ әйелдің хаттамамен келіскені және ешқандай қарсылық білдірмегені көрсетілген.
Сот қаулысымен азаматша ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі "Ұсақ бұзақылық" бойынша кінәлі деп танылды. Сот тәртіп бұзушыға сегіз тәулік мерзімге қамауға алу туралы жаза тағайындады.
Сот актісі әлі заңды күшіне енген жоқ.
