Алматыда ондаған отбасы пәтер сатып алып, бірнеше жылдан кейін баспана өздеріне тиесілі емес екенін білген
Тұрғындар тұрғын үй кешенінің құрылысына осыдан бес жыл бұрын ақша салған. Бір таунхаус үшін 40-тан 70 миллион теңгеге дейін сұралған. Құрылыс салушы әр клиентпен сатып алу-сату шартын жасасқан.
28 отбасы несие рәсімдеп, жиған-тергенін жұмсаған. Кейбіреулері тіпті кілттерін алып, жөндеу жұмыстарын бастап үлгергенімен, көптен күткен қоныс тойын тойлай алмады.
"Біз пәтерді қолма-қол есеп айырысу арқылы 70 миллион теңгеге ашық түрде сатып алдық. Сөйтсек, менің пәтерімді кейін басқа адамға сатып жіберген. Бәрімізге тиесілі баспанамызды өздерімізге қайтарып берсін", - дейді Әсем Төлеубаева.
Бағдагүл Әжіғалиева Алматыдан пәтер алу үшін Оралдағы жалғыз баспанасын сатқан. Әйел таунхаусты қара сылақ күйінде 52 миллион теңгеге сатып алған. Оның айтуынша, құрылыс салушы кілтті ресми түрде табыстаған. Күрделі жөндеуге ол 30 миллион теңге жұмсаған. Ал кейінірек Бағдагүл пәтерінің басқа иесі бар екенін біледі.
"Біз пәтерлерімізден айырылып қаламыз ба деп қорқамыз. Пайдалануға беру актісі бізден жасырылғанымен, баяғыда қабылданып қойған екен. Пәтерлер мүлдем басқа тұлғаларға рәсімделген. Оның үстіне олар банкте кепілде тұр. Менің пәтерімнің басқа қожайыны бар болып шықты. Мен тіпті сол иесімен сөйлестім, ол мүлдем жұмыссыз әйел екен. Ол өзіне рәсімделген бұл таунхаустың қайда орналасқанынан да хабарсыз. Негізінен бұл тұрғын үй кешенінде оның атына төрт пәтер рәсімделген", - деді үлескер.
Өз баспанасынан айырылғысы келмеген жұрт аяқталмаған үйге қоныстана бастаған. Олар коммуникацияларды өздері тартып, енді заңды тұлғалар сияқты жоғары тарифпен ақы төлеп отыр.
"Жартылай біткен үйде тұрып жатырмыз. Су мен жарыққа шаруа қожалығы немесе заңды тұлғалар сияқты тарифпен төлейміз. Осы қыс бойы түбіртектегі сома өте қомақты болды... Ашығын айтқанда, айына 250-300 мың теңгедей шығады", - деді Тахмина Асанова.
Мамандар сатып алу-сату шартының алдын ала жасалған құжат болып шыққанын түсіндірді. Заң жүзінде зардап шеккен отбасылардың таунхаустарға құқығы жоқ. Сонымен қатар жеке кәсіпкер жерді банкке кепіл ретінде көрсеткен, бірақ қарызын әлі өтемеген.
"Бүгінгі таңда 22 пәтер банкте кепілде тұр. 2023 жылдың желтоқсанында Тополов құрылысты аяқтап, пайдалануға беру актісін алады. Ал үлескерлер болса баспаналарын күтіп отыр. Олар жай ғана үлестік қатысушы ретінде кіріп, ақшасын төлеп, құрылыстың аяқталуын және құжаттарды күткен. Ал ол олардың сыртынан құжаттарды алып, сол құжаттар бойынша бұл пәтерлерді басқа адамдарға беріп жіберген", - деді адвокат Анар Қатебаева.
Алданған үлескерлер полицияға арыз түсірді. Құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Компанияның үш қызметкері күдікті деп танылды. Сот санкциясымен олар қазір қамауда отыр.
Егер құрылыс салушылардың кінәсі дәлелденсе, олар мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
