Норвегияда түсінде аян берген есімді баласына қойған әйел түрмеге қамалған
Норвегияда 1990-жылдардың аяғында бір әйел ұлына қойған есімі үшін айыппұл төлеуден бас тартып, түрмеге жабылған. Анасының айтуынша, бұл есім оның түсіне кірген. Арада жылдар өтсе де, бұл оқиға шетелдік БАҚ-тың назарына қайта ілікті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Түсінде аян берген
The Mirror мәліметінше, 14 баланы тәрбиелеп отырған Кристи Ларсен 13-ші перзенті дүниеге келер алдында түс көреді. Оның айтуынша, түсінде ағылшын тіліндегі дауыс ұлының атын Bridge (ағылшын тілінен аударғанда "көпір") деп қоюды бұйырған. Әйел осыған ұқсас иврит тіліндегі нұсқаны таңдаған - Гешер (Gesher).
Алайда Норвегия билігі елдегі есімдерді тіркеу ережелеріне сәйкес, бұл есімді мақұлдамайды.
Анасы есімді өзгертуден бас тартқан
Ларсенге шамамен 1600 норвегиялық крон (шамамен 79 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бірақ ол баласының есімін өзгертуден де, айыппұл төлеуден де бас тартқан. 1998 жылдың желтоқсанында айыппұлды төлемегені үшін Ларсен екі күнге түрмеге қамалады. Соған қарамастан, ол ұлын бәрібір Гешер деп атай беретінін айтып, өз дегенінен қайтпады.
Норвегияда есімдер неге реттеледі?
Бұл оқиға 1990-жылдары болған. Ол кездерде Норвегияда лайықсыз немесе болашақта балаға қиындық тудыруы мүмкін деп танылған есімдерді биліктің қабылдамауға құқығы болған.
Кейінірек заңнама өзгерді. 2002 жылы Норвегияда есімдер туралы жаңа заң қабылданып, ережелер айтарлықтай жеңілдетілді. Егер шенеуніктер таңдалған есімге күмән келтірсе, ата-анаға тек туындауы мүмкін қиындықтар туралы ескерту жасалады. Егер олар сонда да өз таңдауында қалса, есім әдетте тіркеле береді.
Бұл оқиға неге қазір еске түсті?
Ларсеннің оқиғасы балаларға ерекше есім қою үрдісіне байланысты БАҚ назарына қайта ілікті. Бұған дейін Liverpool ECHO басылымы қайта сәнге айналған ұлдар мен қыздарға арналған 10 есім туралы материал жариялаған болатын. Бұған Кристофер Ноланның "Одиссея" фильмінің жетістігі мен грек мифологиясына деген жаңа қызығушылық түрткі болды.
