+42 градус ыстық болып, күн салқындайды: Қазақстанда ауа райы өзгереді
"Қазгидромет" синоптиктері 13, 14 және 15 тамызға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Болжамға сәйкес, алдағы күндері Қазақстандағы ауа райы циклон мен антициклонның әсерінен өзгеретін болады. Елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және жел күшейеді деп күтіледі, ал оңтүстікте 42 градусқа дейін аптап сақталады.
Жаңбыр, найзағай және бұршақ
13–15 тамыз аралығында солтүстік циклон Қазақстанның батысынан шығысына қарай жылжиды. Онымен бірге аймақтарға найзағайлы жаңбыр келіп, жел күшейеді. Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
15 тамызда циклонның артынан антициклон жылжи бастайды. Ол елдің батыс өңірлерінде жауын-шашынның тоқтауына және ауа температурасының төмендеуіне алып келеді.
Оңтүстікте аптап сақталады
Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде ауа райы басқаша болады. Мұнда оңтүстіктен соғатын ауа ағындарының әсерінен негізінен құрғақ ауа райы мен жоғары температура сақталады. Қазақстанның оңтүстік облыстарында күндіз +37...+42 градусқа дейін аптап ыстық болады деп күтіледі.
