Алматы облысының тұрғындарына газ құбырына қатысты оқиғадан кейін жақсы жаңалық айтылды
Алматы облысында үйіне кіріп-шығу үшін газ құбырының астымен өтуге мәжбүр болған тұрғындардың мәселесіне қатысты газ компаниясы шешім ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тұрғындар газ құбырының астымен өтуге мәжбүр
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы облысы Іле ауданындағы "Ардагер-Ветеран" тұрғын алабының тұрғындары түсірілген видео жарияланған болатын. Бейнежазбада адамдардың үйден шығу үшін газ құбырының астымен өтіп бара жатқаны көрсетілген.
Аталған жарияланымға жауап берген QazaqGaz Aimaq компаниясы бұл ауданда газ құбыры үйлер салынбас бұрын тартылғанын мәлімдеді. Компания өкілдері газ құбырының орнын ауыстыруға болатынын, бірақ бастапқыда мұндай жұмыстардың шығынын өтініш берушілер көтеруі тиіс болғанын атап өтті.
Газ құбырын компания есебінен қайта монтаждау туралы шешім қабылданды
Кейінірек компания мәселені шешудің басқа жолын тапты.
"Жағдайды зерделей келе және халықтың өтініштерін ескере отырып, QazaqGaz Aimaq АҚ газ құбырының учаскесін өз қаражаты есебінен қайта монтаждау туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады компания.
Жұмыстардың барлық қажетті техникалық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып орындалатыны атап өтілді.
