Алматы орталығында супермаркетке жапсарлас салынған нысан бұзылды
Алматы орталығындағы супермаркетке жапсарлас салынған қосымша құрылыс сот шешімімен бұзылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, Сейфуллин даңғылы, 510а мекенжайында орналасқан Spar супермаркетіне жапсарлас салынған нысан бұзылған.
Басқарма бұған дейін "КБЕ групп" ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Нәтижесінде компания құрылысқа рұқсат құжаттары болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Меншік иесіне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда ол орындалмаған соң, материалдар сотқа жолданды.
Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қала құрылысын бақылау басқармасының талап-арызын толық қанағаттандырды.
"Нысанды бұзу сот шешімін орындау мақсатында оның иесі тарапынан жүзеге асырылды", - делінген хабарламада.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматының Медеу ауданында сот шешімімен Бегалин көшесі, 140 мекенжайындағы үйге жапсарлас салынған екі қабатты құрылыс сүрілген болатын. Бұл нысан да заңсыз деп танылды.
