Шетел азаматтығын алған: Қазақстанда 35 адам жазаланды
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері өзге мемлекеттердің азаматтығын алған 550-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылды. Сонымен қатар азаматтық туралы заңнаманы бұзғаны үшін 35 адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ШҚО Көші-қон қызметінің мәліметінше, 26 адам шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған. Тағы тоғыз адам басқа мемлекеттің азаматтығын алғаннан кейін Қазақстанның төлқұжатын немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған.
Полицияның мәліметінше, кейбір құқық бұзушылар әлеуметтік, зейнетақы және басқа да мемлекеттік жеңілдіктерді сақтап қалу мақсатында елге кіру және онда тұру үшін қазақстандық құжаттарды пайдалануды көздеген.
Көші-қон қызметінің мамандары осындай жағдайлардың бірін облыс орталығының 64 жастағы тұрғынынан анықтады. Әйел адам басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы белгіленген мерзімде хабарламай, қазақстандық құжаттарды пайдалануын жалғастыра берген. Тексеру барысында оның құжаттары тәркіленіп, Қазақстан азаматтығынан айырылуы тіркелді.
Полиция Қазақстан заңнамасында қосарланған азаматтыққа жол берілмейтінін ескертеді. Басқа мемлекеттің азаматтығын алған кезде бұл туралы көші-қон қызметіне дер кезінде хабарлап, құжаттарды тапсыру қажет.
