Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 460 адамнан асты
Непалдағы апат құрбандарының саны 469 адамға жетті, тағы 800 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде, деп хабарлайды Tengrinews.kz Annapurna Рost басылымына сілтеме жасап.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, көршілес Тибетте кемінде үш адам қаза тауып, 550-ден астам адам су тасқынынан кейін байланысқа шықпаған. Жоғалғандардың басым бөлігі - туристер.
Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккен аймақтарды аралап жүрген Непал премьер-министрі Балендра Шах құтқару операциясына 13 мыңнан астам адам - армия әскери қызметшілері, қарулы полиция және ұлттық полиция қызметкерлері жұмылдырылғанын хабарлады.
Непал армиясы тоннельде қалып қойған бірнеше зардап шегушіні құтқарды. pic.twitter.com/PAllyfADKp
— Emeka United (@Emeka2026) 28 тамыз, 2026 жыл
Тек бейсенбі, 27 тамызда зардап шеккен аудандарға 69 рейс жасалды. Соның арқасында 573 адам құтқарылды, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Зардап шеккендер үшін уақытша орналастыру пункттері ұйымдастырылып, жараланғандарға тегін медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Шахтың айтуынша, қазіргі уақытта үкіметтің басты міндеті - адамдарды құтқару, жоғалғандарды табу және зардап шеккендерге көмектесу.
Сонымен қатар билік жаңа су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті. Бхотекоши өзенінде алғашқы су басу орнында үйінділерден кептеліс пайда болып, соның салдарынан көл түзілген. Ондағы су деңгейі көтеріліп жатыр және арнасынан асып кету қаупі бар.
Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары су ресурстары министрлігіне сілтеме жасап бұл жағдай 1 қыркүйекке қарай болуы мүмкін екенін хабарлады.
Еске сала кетейік, 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасында жойқын су тасқыны болған еді. Судың, балшықтың және үйінділердің қуатты ағыны Бхотекоши мен Тришули өзендерінің аңғарындағы елді мекендерді басып, үйлерді, жолдар мен көпірлерді қиратты. Апат салдарынан жүздеген адам қаза тауып, тағы жүздегені хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Бұған дейін Қазақстан СІМ Непалда жоғалғандардың арасында біздің отандасымыз бар екенін хабарлаған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Непалдан Қытайға шекара асқан туристік топтың құрамында болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сицзан автономиялық ауданындағы жойқын селдің қайғылы салдарына байланысты ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айтты.
