“Жұмыс қателіксіз болмайды“ - Президент Құрылтай депутаттарына үндеу жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында сөз сөйледі. Жиын барысында Президент депутаттарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет екенін айтты.
"Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге түсіністікпен қарайтын да шығар. Себебі жұмыс қателіксіз болмайды. Бірақ біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді. Қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болсақ, тығырыққа тап боламыз", - деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, еліміздің ертеңі әрбір депутаттың ынта-ықыласына, қажыр-қайратына және отаншылдығына байланысты екені сөзсіз.
"Сіздер – түрлі қызметте табысқа жетіп, мол тәжірибе жинаған білікті мамансыздар. Өздеріңізді жауапты, жұртқа жанашыр, бастамашыл азамат ретінде танытып келесіздер. Енді осы тәжірибені ел игілігіне жаратып, Қазақстанды дамыту үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші шақырылымы – ел дамуының жаңа белесі екенін мәлімдеді.
"Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Енді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет. Әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек. Құрылтай мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы қажет. Қазақстан парламентаризмін дамытуға елеулі еңбек сіңірген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың "Ең басты игілік – бірлік" деген тамаша сөзі бар".
Президенттің сөзінше, "шын мәнінде, біз ырысты ынтымағымыздың арқасында мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтып, нық сеніммен алға қадам басып келеміз".
"Береке бірлік бар жерге ғана тұрақтайды. Ауызбіршілігімізді сақтай білсек, әлі талай белесті бағындырамыз. Барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын барысында Мемлекет басшысы депутаттарға қойылатын қоғамдық талап әрдайым жоғары болатынын еске салды.
