Қазақстан мен Қытай “Қорғас“ бойынша 14 жылдық келіссөздерді аяқтады
Қазақстан мен Қытай "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Құжат бойынша келіссөздер 14 жылға созылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Келісімде не қарастырылған?
Ішкі істер министрлігінің ресми хабарламасында келіссөз процесінің егжей-тегжейі айтылмады. Бұл келісімнің неліктен ерекше маңызға ие екендігі туралы редакциямызға ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев айтып берді.
"Бұл расында да маңызды құжат. Ол бойынша келіссөздер 14 жыл бойы жүргізілді. Осы уақыт ішінде екі мемлекет арасындағы кешенді мәселелерді келісу қажет болды. Нәтижесінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Бейжіңге жасаған биылғы сапары барысында тараптар бұл жұмысты аяқтап, үкіметаралық келісімге қол қоя алды", - деді Әлекешев.
Оның айтуынша, құжат ең алдымен "Қорғас" ХШЫО аумағында бірлесіп жұмыс істеу үшін нақты құқықтық негіз қалайды.
"Қорғас" - күн сайын екі мемлекеттің мүдделері мен юрисдикциялары тоғысатын, адамдар көп жүретін ерекше шекара маңы аумағы. Сондықтан мұнда қауіпсіздік мәселелері туындаған кезде кімнің және қалай әрекет ететінін түсіну маңызды. Келісім ақпаратпен жедел алмасу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және нақты жағдайларға ден қою үшін Қазақстан мен Қытайдың құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тетігін бекітеді", - деп түсіндірді ІІМ ресми өкілі.
Қорғаста 250 миллиард теңгеге әуежай салынбақ: жоба қай кезеңде?
