ҰҚК Көлік министрлігінің екі шенеунігі ұсталғанын хабарлады
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі көлік саласындағы екі шенеунікті ұстады. Олар кәсіпкерлерден 40 миллион теңгеден астам сомада материалдық сыйақы алды деп күдіктелген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Кімдер ұсталды?
Тамыз айында қызметкерлер прокуратураның үйлестіруімен Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасарын және Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасарын ұстады.
"Олар рұқсат етілген салмақ нормаларынан асатын жүктері бар көлік құралдарының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету бойынша құқыққа қайшы әрекеттер жасады деп күдіктеліп отыр", – делінген хабарламада.
Тергеу мәліметтері бойынша, олар кәсіпкерлерден 40 миллион теңгеден аса қаражат алған.
Соттың санкциясымен ұсталғандар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҰҚК Астана қалалық Көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы басшысының ұсталуына қатысты жауап берген болатын.
