Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу ұсынылды
16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов көтерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Әшімжанов бүгінде әлеуметтік желілер балалар үшін тек бос уақыт өткізу құралы ғана емес, сонымен қатар олардың психологиялық жай-күйіне, денсаулығына, мінез-құлқы мен оқуына әсер ететін факторға айналғанын мәлімдеді.
Депутат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген HBSC зерттеуіне сүйенді. Оған 44 елден 280 мыңға жуық жасөспірім қатысқан.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, әлеуметтік желілерді тәуелділік деңгейінде пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға дейін өскен.
"Бұл мәселе ауқымының жыл сайын ұлғайып бара жатқанын көрсетеді. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуына және психологиялық әл-ауқаттың нашарлауына әкеп соғады", - дейді депутат.
Сондай-ақ Әшімжанов 2023 жылы Қазақстанда БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп жүргізілген зерттеу деректерін келтірді. Осы мәліметтерге сүйенсек, 9–10 жастағы балалардың 60 пайызында және 11–12 жастағы балалардың 66 пайызында әлеуметтік желілерде аккаунт бар.
Сонымен қатар, балалардың 88 пайызының жеке смартфоны бар және олар TikTok, YouTube пен Instagram желілерін еркін қолданады.
"Бұл балалардың цифрлық ортаға қатысуының жоғары деңгейін және ата-аналардың бақылауының жеткіліксіздігін көрсетеді", - делінген депутаттық сауалда.
Әшімжанов әлеуметтік желілер арқылы жасалатын буллинг оқиғаларының көбеюіне де ерекше назар аударды. Балалардың әл-ауқаты индексіне сәйкес, 10 мен 18 жас аралығындағы балалар арасында мұндай буллингке ұшырағандар көрсеткіші 2024 жылғы 15 пайыздан 2025 жылы 33,5 пайызға дейін өскен.
Депутаттың айтуынша, мәселе тек баланың әлеуметтік желіде өткізетін уақытында ғана емес. Платформаларға шамадан тыс әуестік кітап оқуға, спортқа, отбасымен араласуға және сабаққа дайындалуға бөлінетін уақытты қысқартып, назар аудару қабілетіне, ақпаратты қабылдауға және өздігінен ойлауға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Әшімжановтың пікірінше, мәселенің өзектілігін халықаралық тәжірибе де растап отыр. Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, 2026 жылы 25 елде балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жас шектеулерін енгізу бойынша заңнамалық шаралар қарастырылған.
16 жас мөлшерін алғашқылардың бірі болып Аустралия белгіледі. Осыған ұқсас шектеулер Бразилия, Индонезия және басқа да елдерде қолданылады.
Сонымен қатар, депутат тек тыйым салу жеткіліксіз деп есептейді. Пайдаланушының жасы қалай анықталатынын, балалардың дербес және цифрлық деректерін қорғауға кім жауапты болатынын және шектеулерді айналып өту үшін жасалған жалған аккаунттардың қалай бұғатталатынын алдын ала айқындап алу қажет.
Сондай-ақ, оның пікірінше, балалардың білім алуына қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділігін сақтап қалу маңызды.
Әшімжанов Қазақстанға балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды ескере отырып, әлеуметтік желілерді реттеудің нақты әрі тиімді моделін қалыптастыру қажет деп санайды. Осыған байланысты ол 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне шектеу қою механизмін пысықтауды ұсынды.
Сонымен қатар, депутат балалардың дербес және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және мектеп оқушыларына цифрлық гигиенаны, медиасауаттылықты және әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалануды жүйелі түрде оқыту қажет деп есептейді.
Бұдан бөлек, ол әлеуметтік желілердің балалардың психологиялық денсаулығына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін үнемі зерттеп отыруға мүмкіндік беретін ұлттық мониторинг жүйесін енгізуді ұсынды.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу туралы пікір білдірген болатын. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың психологиялық әл-ауқатына қамқорлық жасаудың маңыздылығын атап өткен еді.
