ІІМ Астана көші-қон қызметінің екі басшысына қатысты қылмыстық істердің байланысы туралы пікір білдірді
Астана Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева мен осы басқарманың бұрынғы басшысы Ербол Махметовке қатысты қозғалған қылмыстық істердің өзара байланысы болуы мүмкін. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте журналистер Лепехадан Мақаева мен Махметовке қатысты тергеу амалдары туралы сұрады. Министрдің орынбасары қылмыстық істердің егжей-тегжейін ашудан бас тартты.
"Менің мұндай жайттарға пікір беруге құқығым жоқ. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Сондықтан тергеу аяқталып, нәтижесі бойынша сотқа жолданған кезде барлық мән-жайды білесіздер", - деді Лепеха.
Министрдің орынбасары тергеудің Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша жүргізіліп жатқаны туралы сұраққа да жауап бермеді.
Сонымен қатар, журналистер Мақаева мен Махметовтің істері өзара байланысты ма деп нақтылады.
"Өздеріңіз қалай ойлайсыздар? Өзара байланысты болуы әбден мүмкін", - деп жауап берді Лепеха.
Бұған дейін екі тергеу арасындағы байланыс ресми түрде расталмаған болатын. Махметовтің ұсталғаны туралы ақпарат шыққаннан кейін, оның Мақаеваға қатысты қылмыстық іске қатысы болуы мүмкін екені айтылды, алайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл істердің байланысын нақтыламаған еді.
Еске салайық, Әлия Мақаева тамыздың басында ұсталған болатын. Ол кезде желіде оның заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінгені және тергеудің шетелдік азаматтарға тұруға ықтиярхатты заңсыз рәсімдеуге қатысты болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Ресми түрде бұл мәліметтер расталмады. ҰҚК тек сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді. Кейінірек ІІМ бұл істі ұлттық қауіпсіздік органдары ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп жүргізіп жатқанын нақтылады.
Қыркүйекте Астана Көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы бастығы Ербол Махметовтің ұсталғаны белгілі болды. ҰҚК сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады, бірақ өзге мәліметтерді жарияламады.
