Жүргізушілерден “алым“ жинаған: ІІМ мен ҰҚК шекарада арнайы операция жүргізді
Ведомствоның мәліметінше, полицейлер 27 тінту жүргізді.
"Суық қару, байланыс құрылғылары, қомақты қаражат, сондай-ақ автокөліктер тәркіленді. Тергеу бір топ адамның бопсалау фактісі бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта заңсыз әрекеттің барлық мән-жайы, оған қатысушылардың әрқайсысының рөлі, сондай-ақ басқа да ықтимал эпизодтар анықталып жатыр", - делінген ІІМ хабарламасында.
Ведомство өкілдері ұйымдасқан қылмыстық топтардың және азаматтар мен бизнес өкілдеріне қысым көрсететін тұлғалардың қызметін тоқтату бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.
"Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа, бопсалауға және азаматтар мен кәсіпкерлерге жасалатын қылмыстық қысымның өзге де түрлеріне қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты негізде кешенді шаралар қабылдап жатыр", - деп мәлімдеді ІІМ.
Полицейлер қылмыстық топтардың құрамында әрекет ететін адамдарды анықтауға, заңсыз әрекеттің барлық қатысушыларын әшкерелеуге және олардың қылмыстық схемаларының жолын кесуге ерекше көңіл бөлінетінін айтады.
