Алматы полициясы прокурор орынбасарының ұлына қатысты жол апаты туралы жазбаларға жауап берді
Алматы полициясы 11 қыркүйекте Шығыс айналма автожолында (ШААЖ) болған даулы жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр. Әлеуметтік желілерде жол апатына түскендердің бірі Қазақстан өңірлерінің біріндегі прокурор орынбасарының ұлы екені айтылып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы туралы
Әлеуметтік желілерде ШААЖ-дағы жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат тарады. Жазба авторы Жетісу облысы прокуроры орынбасарының ұлы апатқа кінәлі болғанын алға тартады.
Автордың айтуынша, ер адам жылдамдықты асырып, төрт көлікті соққан.
"Үш адам ауруханада жатыр, зардап шеккендердің бірінің көлігі жарамсыз болып қалған", - делінген жарияланымда.
Алматы полициясының пікірі
Алматы Полиция департаменті мәліметінше, оқиға 11 қыркүйекте болған. Қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
"Тексеріс қорытындысы бойынша қатысушылардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мәртебесіне, лауазымдық және әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық кінәлі тұлға "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында заңда көзделген жауапкершілікке тартылады", - делінген хабарламада.
