Бес жыл бойы студенттерден ақша жинаған: Астанада жатақхана коменданты сотталды
Сот жатақхана коменданты бес жыл бойы ешқандай негіз болмағанына қарамастан, ЖОО басшылығының тапсырмасы екенін айтып, студенттер мен қызметкерлерден ай сайын 14 300 теңгеден жинап келгенін анықтады. Осылайша, ол 3 миллион теңгеден аса шығын келтірген.
"Сонымен қатар сотталушы оқу орнының құжаттарын қолдан жасап, өзінің жұмыс компьютерін пайдалана отырып, 1 жылға уақытша тұруды тіркеу туралы анықтама рәсімдеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына тиісті өтініштер жолдаған. Нәтижесінде 2024 жылғы 16 қыркүйек пен 2025 жылғы 13 ақпан аралығында ЖОО жатақханасында 57 шетелдік азамат тіркелген, олардың әрқайсысын тіркегені үшін комендант 40 000 теңгеден алған", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Алайда оның кінәсі жәбірленушінің өкілі мен куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді.
"Жасалған қылмыстардың мән-жайы мен ауырлығын, сондай-ақ келтірілген залалдың өтелмегенін ескере отырып, сот қылмыстар жиынтығы бойынша сотталушыны 2 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ол 3 жыл мерзімге ұйымдық-шаруашылық функциялармен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды", - делінген сот хабарламасында.
Сот кәмелетке толмаған баласының болуын және бұрын сотталмағанын жауапкершілікте жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жазда Астанада елордалық жоғары оқу орындары бірінің қызметкеріне үкім шыққан болатын. Ер адам 18 талапкерді алдап, қылмыстық схема ұйымдастырған. ЖОО қызметкері қолдан жасалған мөр мен жалған келісімшарттарды пайдалана отырып, 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейінгі сыйақы үшін оқуға заңсыз түсіруге уәде берген.
Бұған дейін Астанадағы оқу орындарының бірінде қылмыстық схема әшкереленген еді. ЖОО-ның екі қызметкері алыс шетелдің 68 азаматына оқуға жалған шақырту рәсімдеген.
