Астанадағы әйелдің өлімі: төрт бұрынғы полицей ұсталды
Астанада қызметке салғырт қарау ісі бойынша төрт бұрынғы полицей ұсталды. Бұған елордада әйелдің қатыгездікпен өлтірілуі себеп болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Полицияның мәліметінше, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізді.
Тексеру қорытындысы бойынша төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Екі аудандық полиция басқармасының бастығы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымдарынан босатылды.
Полиция департаментінің бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, қызметке салғырт қарау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында бұрынғы төрт полиция қызметкері ұсталды.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр және Ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынды.
Еске сала кетейік: 22 қыркүйек күні кешке Астанада әйел адам пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ол кезде полиция әлеуметтік желілерде тараған күдіктінің өз қызметкері екені туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.
