“Құрылысшылардың өзі күлмеді ме?“. Алматылықтар жаңа веложолаққа таңғалды
Алматыда Сәтбаев көшесіндегі университеттердің бірінің жанында веложолақ әзірге көгалға тіреліп тұр. Қала тұрғыны осы бір "ерекшелікке" назар аударған. Учаске түсірілген сурет әлеуметтік желілерде тарап, қолданушылар арасында сұрақтар туғызды. Жағдайға қатысты Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді, толығырақ - Tengri Life материалында.
"Келе жатқан жол еді" - әлеуметтік желідегі вирус болған фото
Әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны Сәтбаев көшесіндегі учаскенің фотосын бөлісті. Бұл кесіндіде веложолақ кенеттен үзіліп, жаяу жүргіншілер тротуары мен көгалға ұласып кеткен.
"Велоинфрақұрылымның кеңейгеніне қуана бергеніңде жол бітті. Политех (Satbayev University - ред. ескертпесі) жанындағы Сәтбаев көшесі", - деп атап өтті велошабандоз.
Скриншот: Threads
Желі қолданушылары да бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, әзілге толы пікірлерін жазды.
"Қызық, құрылысшылар мұны жасап жатқанда өздері күлмеді ме екен?",
"Алматыдағы веложолақтарды велосипед туралы түсінігі жоқ адамдар жобалайды. Барлық салада осындай жағдай",
"Бұл триатлон сияқты: велосипедпен келесің, кейін Весновкаға дейін жүгіресің, сол жерде жүзесің. Бәрі Азиададағыдай",
"Әрі қарай - тротуармен".
Басқарма не деп жауап берді?
Біз жағдайға байланысты ақпарат алу үшін Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасына жүгіндік. Ведомстводағылар Сәтбаев көшесіндегі жұмыстар әлі аяқталмағанын айтты.
"Қазіргі уақытта мердігер ұйым жұмысты аталған учаскеге дейін жеткізді. Тұрғындарға қолайсыздықты азайту қажеттілігін ескере отырып, жұмыстар құрылыс барысына қарай кезең-кезеңімен орындалып жатыр", - деп хабарлады басқарма өкілдері.
Ведомство мәліметінше, веложолақ батыс бағытта - Байтұрсынов көшесіне дейін жалғасады. Ол үшін қазіргі тротуар кеңейтіліп, оның бір бөлігі веложолақ ретінде қайта жабдықталады.
Сондай-ақ басқарма мердігерге "жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды және жобада қарастырылған барлық жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етуді" тапсырған.
Тағы оқыңыз: Алматыда Наурызбай батыр көшесінде веложолақ пайда болады
