Астанада жылыту маусымы қай күні басталатыны жарияланды
Астанада жылу беру маусымы қашан басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Астана әкімдігінің қаулысына сәйкес, елордада жылу беру маусымы 2 қазанда басталады.
"Астана-Теплотранзит" АҚ жылу беру маусымының басталуына және елорда тұтынушыларына жылу энергиясын сенімді тасымалдау мен таратуға толық дайын екенін хабарлады.
"2 қазаннан бастап елордада жылу кезең-кезеңімен беріледі. Барлық нысанды жылуға алдағы бірнеше күн ішінде толық қосу жоспарланып отыр", - делінген Астана әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ресми мәлімет бойынша, жылу беру маусымына дайындық аясында жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізіліп, анықталған ақаулар жойылды, сондай-ақ жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Бұған дейін Павлодар облысында жылу беру маусымы 14 қыркүйекте басталғаны хабарланған еді. Ал 1 қазанға дейін ауа райы жағдайына байланысты солтүстік және шығыс өңірлерде жылу берілуі тиіс болатын. Бұл туралы осыдан екі апта бұрын Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтқан.
Сол кезде премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар өңірде жылу маусымына дайындық әлі аяқталмағанын айтқан еді. Ол әкімдерге жөндеу жұмыстарын жеке бақылауға алып, Семей, Степногорск және Петропавлда жылуды уақтылы қосуға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
