Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс прокурорға жолданды
Астана соты 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық істі басқа қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдады. Әңгіме құрылыс салушы мен басқа да тұлғаларға қатысты бұрын тоқтатылған іс туралы болып отыр. Алайда 1 қазанда тергеу соты бұл шешімді заңсыз деп танып, күшін жойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында тек МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты іс қана қаралған болатын. Қайғылы оқиға болған үйде қасбет құлап, соның салдарынан фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан еді. Жұбаниязова Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша сотқа тартылған болатын.
Өткен отырыста сот жарыссөздері өтіп, бүгін айыпталушы соңғы сөзін айтуы тиіс еді. Алайда 1 қазанда процесс барысы өзгерді.
Қорғаушы тараптың өтініші бойынша сот сот тергеуін қайта бастады. Содан кейін сотқа екі істі: МИБ төрайымы Жұбаниязоваға қатысты іс пен құрылыс салушы және басқа да тұлғаларға қатысты істі біріктіру туралы өтініш түсті. Қорғаушы тарап бұл істерді бөлек қарау трагедия мән-жайын толық зерттелмеуіне әкеп соғуы мүмкін деп уәж келтірді:
"Аталған қылмыстық істерді бөлек қарау осы қылмыстық істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлардың толық әрі объективті зерттелмеуіне, сондай-ақ бір мән-жайлар мен дәлелдемелерге әртүрлі баға берілуіне әкеп соғу қаупін туғызады".
Сот бұл өтінішті де қанағаттандырды.
"Сот МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты басқа қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдады", - деп хабарлады судья Меруерт Абаева.
Бұл ретте сот Жұбаниязоваға қатысты бұлтартпау шарасын - ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхатты өзгеріссіз қалдырды.
Осылайша, сот МИБ төрайымына қатысты істі басқа қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жіберді. Сөз құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты тергеу туралы болып отыр, оны тоқтату туралы қаулы 1 қазанда тергеу сотымен заңсыз деп танылып, күші жойылған болатын.
“Бұл үйде балаларым мен анам тұрады“. Ұлдана Мырзуан ісі бойынша айыпталушы кінәсін мойындамады
Өткен отырыстарда не болды?
18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталды фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Айыпталушы орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
20 тамызда сотталушының адвокаты судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді, алайда бұл өтініш қабылданбай, процесс жалғасты.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел сотта жауап берді. Ер адам жұбайы қайғылы жағдайға ұшыраған күн туралы баяндады. Сондай-ақ ол сотқа жұбайының қазасы туралы қалай білгенін және әкімдікте алған 20 миллион теңге туралы хабарлады.
Сондай-ақ оның анасы жауап берді. Әйелдің айтуынша, өз қызын танымай қалғанын ауруханаға барған кезде белгілі болған. Сонымен қатар жәбірленуші құдағиының әкімдіктен берілген көмек қаржының 4,5 миллион теңгесін қайтаруды талап еткенін жеткізді.
26 тамызда сотта жәбірленушілер мен куәгерлер жауап берді. Атап айтқанда, жәбірленуші Гүлнәр Қалиева 2025 жылғы 8 қарашада әпкесімен бірге үй маңындағы дүкенге бара жатқанын айтты. Олар ғимаратқа жақындай бергенде, үйдің қаптамасы жоғарыдан құлап түскен. Әйел тек басын қолымен жауып үлгерген. Оның айтуынша, "кірпіштер жаңбырша жауған".
Сондай-ақ Ұлдананың әріптесі Дильназ Байзақова сотта жауап берді. Қайғылы оқиға болған күнді еске алған кезде, ол көз жасына ерік берді.
2 қыркүйекте сот куәгерлердің - үй тұрғындарының жауаптарын тыңдады. Атап айтқанда, куәгер Валерия Самсонова үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болғанын айтты. Мұны куәгер Халил Бабалиев те растады. Оның айтуынша, "үйдің іргесі сөгіліп жатыр".
Сондай-ақ сотта қаптама құлаған сәт түсірілген видео көрсетілді.
3 қыркүйекте сотта қылмыстық іс материалдарын зерттеу жалғасты. Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов ғимарат қасбетінің құлау себебі көрсетілген техникалық сараптама қорытындысын жариялады.
“Бүкіл үй құлап жатыр деп ойладым“ - Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша куәгер
9 қыркүйекте сот құрылыс саласындағы маман Вероника Лобаеваны тыңдады. Ол үй жобасындағы сәйкессіздіктерді "мина іспетті" деп атады.
Сондай-ақ сотта сотталушы Сәуле Жұбаниязова жауап берді. Ол қайғылы оқиғаға өзін кінәлі деп санамайтынын сотқа тағы айтты. МИБ төрағасының сөзінше, ол міндеттерін атқаруға кіріскен кезде, тұрғындар да, бұған дейінгі басқарушы да үйге қатысты қандай да бір мәселелерге шағымданбаған.
10 қыркүйекте, сот техникалық қадағалау маманы Денис Воробьёвты тыңдады. Оның айтуынша, ғимарат қасбетінде ақау белгілері қаптама құлағанға дейін пайда болған. Алайда олардың қаншалықты қауіпті екенін ешкім түсінбеген.
“Мерзімі өтіп, адамдар қайтыс болған“. Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты жаңа құжаттар
17 қыркүйекте Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша тергеуші айыпталушы МИБ төрайымы қызметін атқарған кезеңде қажетті жұмысты орындамағанын мәлімдеді.
24 қыркүйектегі сот отырысында Сауле Жубаниязова тағы да кінәсін мойындамады. Оның адвокаттары соттан оны ақтауды сұрады.
Сондай-ақ, бұған дейін сот жарыссөзі басталмас бұрын сот процесске қатысушылардың барлық өтінішін тыңдады. Ұлдана Мырзуанның жұбайы жәбірленуші мәртебесінен бас тартпауға шешім қабылдады. Сондай-ақ ол үкім жұбайын қайтарып бермейтінін мәлімдеді.
Ұлдананың анасы соттан МИБ төрайымын бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Жәбірленушілер азаматтық талап арыздарын берді. Талап арыздардың жалпы сомасы 45 миллион теңгеден асады. Сотталушы талаптарды мойындамады. Сондай-ақ ол өзін кінәлімін деп санамайтынын тағы да қайталады.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы тікелей эфирде өтетіні хабарланған еді. Трансляцияны Tengrinews.kz YouTube-арнасынан көруге болады.
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олар №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Бір пациенттің жағдайы өте ауыр болды, оған ота жасалды. Тағы екі адам жансақтау бөлімінде жатты, дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Қалған екі адам бөлімшеге орналастырылды, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Ең ауыр жарақат алған пациент - оқиға орнына жеткен жедел жәрдем фельдшері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан болып шықты. Қыздың туыстарының айтуынша, ол зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке ұмтылған. Олардың арасында бала, оның анасы және туысы болған. Ұлдана зардап шеккендерге қарай жүгірген кезде, "үстіне кірпіш пен кондиционердің бекіткіші құлаған". 18 қарашада ол ауруханада көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы "Сапасыз салынған құрылыс" бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейін істе тағы бір бап пайда болды – 306-бап "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету".
“Жарықтарға саусақ сыйып кетеді“. Фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне қасбеті құлаған тұрғын үйден репортаж
С от талқылауы жүріп жатқанда, көпқабатты үйдің тұрғындары ғимаратта жаңа жарықтар пайда болғанына шағымданып жатыр. Олар өз пәтерлерінде тұруға қорқады. Олардың айтуынша, түнде қабырғалардан шытынаған дыбыстар естіледі. Tengri Home тілшілері оқиға орнына барып, мазасы қашқан астаналықтармен тілдесті.
Бұл репортаждың видео нұсқасын TengriTV YouTube-арнасынан көре аласыз:
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды ерлігі, жанқиярлығы және міндетін үлгілі атқарғаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Қазақстандықтар жедел жәрдем фельдшерімен қалай қоштасқаны туралы мына материалда.
