Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясы 88-бабының 5 тармағына сәйкес премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізгеннен кейін "Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы" Жарлыққа қол қойды.
"Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды қабылдау тапсырылды. Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - деп хабарлады Ақорда.
Бұған дейін Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар өткізгені хабарланған болатын.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Конституцияның негізгі ережелеріне толық сәйкес және айтылған пікірлерді ескере отырып, түпкілікті шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
24 қыркүйекте Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын жариялады.
"Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді. Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың күнін белгілеуі қажет болады.
