“Бәрінің өмірі менен жақсы“: әлеуметтік желі неге өзіңді жолы болмаған адамдай сезіндіреді?
"Бәрінде бәрі жақсы, тек менде жаман"
Психолог Раушан Әшірдің айтуынша, әлеуметтік желілердің басты тұзақтарының бірі - біздің үнемі өзгелердің тек ең жақсы сәттерін көруімізде.
Адамдар саяхаттарын, сатып алған заттарын, мерекелерін, мансаптағы жетістіктері мен бақытты қарым-қатынастарын көрсетеді. Ал ұрыс-керіс, қарыздар, ұйқысыз түндер, жұмыстағы түйткілдер мен нашар көңіл күй әдетте кадр сыртында қалады.
Бірақ миымыз бұл іріктелген көріністі толыққанды шындық ретінде қабылдауы мүмкін.
"Мәселен, адам таныстарының 10 stories-ін көрді делік, онда бәрінің жағдайы жақсы. Содан кейін ми: "Бәрінде бәрі жақсы, тек менде жаман" деген қорытынды жасайды. Негізінде бұл өте аз ғана таңдалым", - дейдіДәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Раушан Әшір
Психолог
Когнитивті-мінез-құлық терапиясында бұл "жалпылау" деп аталады.
Осылайша парадокс туындайды: біз өзіміздің барлық мәселеміз, сәтсіздіктеріміз бен сүреңсіз күндеріміз бар бүкіл өмірімізді өзгенің бірнеше әдемі кадрымен салыстыра бастаймыз.
Раушан Әшір - психолог, КМТ-терапевт, отбасылық және жұптық терапевт, мазасыздық, депрессия, күйзеліс және қарым-қатынастағы мәселелермен жұмыс істеу маманы. Мәскеу психоанализ институтын бітірген. Қазақстандық когнитивті-мінез-құлық терапиясы қауымдастығының мүшесі.
Неге біз әлі де "мінсіз өмірге" сенеміз?Әлеуметтік желілердің шындықты толық көрсетпейтінін саналы түрде түсінуге болады. Алайда эмоционалды реакция бәрібір туындауы мүмкін.
"Мұны рационалды түрде түсіну мен көргеніңе эмоционалды түрде жауап қайтармау - екі бөлек нәрсе", - деп атап өтті маман.
Адам үнемі әдемі пәтерлерді, саяхаттарды, жылы қарым-қатынастар мен мансаптық табыстарды көргенде, оның бойында "бәрі дәл осылай өмір сүреді" деген сезім пайда болуы мүмкін.Өзгенің өмірі біз үшін біртіндеп қалыпты жағдайға айналады да, біз өз өмірімізді сонымен салыстыра бастаймыз.
Сондықтан психолог мұндай сәттерде тоқтап, өзіңізден: "Мен қазір нақты нені көріп тұрмын?" - деп сұрауға кеңес береді.
Бұл адамның бүкіл өмірі ме, әлде ол көрсеткісі келген бірнеше сәт қана ма?
Төсекте жатып, телефон ұстаған әйел / depositphotos.com
"Анасының құрбысының баласы" енді әркімнің телефонында
Салыстыруға адамды табыстың сыртқы белгілері бойынша бағалау әдеті ерекше қатты әсер етеді.
Психологтың айтуынша, Қазақстанда және жалпы посткеңестік кеңістікте табысты адамның қандай болуы керектігі туралы қасаң түсінік басым.
Пәтер, көлік, жақсы жұмыс, жоғары табыс, қарым-қатынас, саяхат - мұның бәрі адамның өмірде өз орнын тапқанының дәлелі ретінде қабылдануы мүмкін.
"Бізді бала кезімізден жиі басқалармен салыстырады. Тіпті, бізде өзіңді үнемі салыстырып, сыртқы көрсеткіштеріне сай келуге тырысатын "анаңның құрбысының баласы" деген таныс бейне бар", - деді Әшір.
Сонымен қатар адамның қаншалықты бақытты, тыныш екеніне, оның қажып-шаршамағанына және өз өмірі өзіне ұнайтынына әлдеқайда аз көңіл бөлінеді.
Нәтижесінде: "Егер менде өзгелерде бар нәрсе болмаса, демек менде бір кінә бар" деген қауіпті ой туындайды.
Телефон экраны / depositphotos.com
Салыстыру қашан қалыпты шектен шығады?
Салыстырудың өзі - проблема емес. Бұл адамға тән қасиет және кейде тіпті жігерлендіруі де мүмкін.
Мысалы: "Менің де саяхаттағым келеді. Сапарға ақша жинау үшін не істей аламын?"
Мәселе салыстырудан кейін адам өзін кемсіте бастағанда туындайды.
Психолог ішкі диалогқа назар аударуды ұсынады.
"Шартты түрде талапшыл және жазалаушы сыншы туралы айтуға болады. Талапшыл сыншымен әлі де келісуге болады. Ол: "Кел, жақсырақ жасауға тырысайық" деуі мүмкін. Ал жазалаушы сыншы: "Сен бұған ешқашан қол жеткізе алмайсың", "Сен бәрінен де сорлысың", "Сенің қолыңнан ештеңе келмейді" дейді", - деп түсіндірді маман.
Егер өзгелердің stories-ін көргеннен кейін сіз үнемі осындай ойларға тірелсеңіз, мәселе тек әлеуметтік желілерде емес.
"Бәрі менен жақсы өмір сүреді" деген оймен не істеу керек?
Біріншісі - осы ойды ұстап алып, оны тексеру.
"Өзіңізден: "Бәрі деген кім?" - деп тікелей сұрауға болады. Сосын менің назарда ұстап отырған нақты адамдарымды тізіп көру керек", - деп кеңес берді Әшір.
Осыдан кейін өзіңізге тағы бір сауал қойыңыз: "Олардың әлеуметтік желіде көрсеткенінен бөлек, шынайы өмірі туралы не білемін?"
Бұл "бәрінде бәрі жақсы" деген тұжырымның көбіне өте шектеулі ақпаратқа негізделгенін түсінуге көмектеседі.
Адамдар смартфон экранына қарап отыр / depositphotos.com
Екіншіден, әлеуметтік желілерде тек іріктелген сәттер көрсетілетінін ұмытпаған жөн. Біз өзгенің жетістігін көргенімізбен, кадр сыртында не қалғанын байқамаймыз.Үшіншіден - өз нәтижелеріңізге мән бере бастаңыз.
Психолог жеңістер мен жетістіктер күнделігін жүргізуге кеңес берді. Оған тек ірі оқиғаларды ғана емес, кішігірім жетістіктерді де жазып отыру қажет.
"Күрделі тапсырманы орындай алдыңыз ба? Жазып қойыңыз. Жаңа нәрсені меңгердіңіз бе? Жазыңыз. Қиын кезеңді еңсердіңіз бе? Бұл да нәтиже. Мұндай әдіс үнемі өзгелердің жетістігіне қарап отырмай, біртіндеп өз жолыңыз бен нәтижелеріңізді байқауға көмектеседі", - деп түсіндірді психолог.
Ең бастысы - өзіңізді өзгенің парақшасымен емес, өзіңізбен салыстыру
Кейде басқаларда ақша, мүмкіндік, саяхат пен жетістік шынымен де көп сияқты көрінеді.
Бірақ біз көбінесе өзіміздің бүкіл болмысымыз бен шынайы өмірімізді өзгелердің өңделген нұсқасымен салыстырамыз.
"Сондықтан келесі жолы әлеуметтік желіні қарап болған соң "бәрінің өмірі менікінен жақсы" деген ой келсе, кідіріп, өзіңізден: "Мен қазір өз өмірімді басқа адамның шынайы өмірімен салыстырып жатырмын ба, әлде оның көрсеткісі келген бейнесімен бе?" деп сұраңыз", - деп ескертті Раушан Әшір.
Егер іштегі сыншы басылмай, өзгелермен салыстыру көңіл күйіңіз бен өзіңізге деген сенімділікке жүйелі түрде нұқсан келтірсе, психолог өзіңізді қинамай, маман кеңесіне жүгінуді ұсынады.
