Қазақстанда -10 градусқа дейін аяз болады
"Қазгидромет" синоптиктері 22, 23 және 24 қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанда аяз болады
Болжамға сәйкес, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын әкелген циклонның орнына Қазақстан аумағына суық антициклон жылжып келеді. Күннің суытуы батыс өңірлерден басталып, кейін елдің қалған аумағына тарайды.
Солтүстік және шығыс облыстарда түнде ауа температурасы біртіндеп 0…+5 градустан -5…-10 градусқа дейін төмендейді.
Қазақстанның оңтүстігінде де күннің айтарлықтай суытуы күтіледі. Түнгі уақытта ауа температурасы -2…-7 градусқа дейін төмендеуі мүмкін, ал күндіз небәрі +2…+7 градусты құрайды.
Қазақстанда қыс қандай болады?
Бұған дейін синоптиктер алдағы қыста Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтқан еді. Алдын ала болжам бойынша, 2026–2027 жылғы қыс салыстырмалы түрде жылы болады, алайда жекелеген өңірлерде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан көп болуы мүмкін. Сондай-ақ синоптиктер температураның күрт өзгеруі, боран мен көктайғақ болатынын ескертті. Толығырақ осы жерден оқыңыз.
