Қайрат Мақсұтов “Самұрық-Энерго“ басшысы лауазымынан босатылды
Қайрат Мақсұтов "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Бұл шешімді басқарма қабылдағаны нақтыланды.
"Бұл шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыру қарқынының баяу жүруіне, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын салу мен пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіз болуына байланысты қабылданды", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қайрат Мақсұтовтың өмірбаяны
1970 жылы дүниеге келген. 1991 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды кооперативтік институтын "Экономист-ревизор" мамандығы бойынша бітірген.
Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сәйкес, еңбек өтілі:
Қарағанды облыстық тұтынушылар одағының есеп және бақылау басқармасының ревизоры (1991–12.1992);
Инвестициялар және инновациялар бөлімінің жетекші маманы, халықаралық есеп айырысулар және валюталық операциялар бөлімінің бастығы, "Игілік-Банк" Қарағанды филиалы директорының орынбасары (12.1992–03.1997);
Жәйрем-Атасу арнайы экономикалық аймағы Әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары (1997–1999);
"Альфа-Банк" Қарағанды филиалы директорының орынбасары, директоры (1999–2004);
"Гефест" тау-кен салалық холдингінің экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті (2004–2009);
"Самұрық-Энерго" қаржы және экономика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары (02.2009–02.2012);
"Самұрық-Энерго" басқарушы директоры (02.2012–11.2012);
"Самұрық-Энерго" корпоративтік басқару жөніндегі басқарушы директоры (11.2012–08.11.2013);
"Самұрық-Энерго" басқарма төрағасының орынбасары (08.11.2013–05.2018);
"Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (06.2023 бастап) бүгінгі күнге дейін.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың шілдесінде Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорының басшылығына бірқатар ірі энергетикалық нысанды уақтылы пайдалануға беру үшін жеке жауапкершілік туралы ескерткен болатын. Ол кезде әңгіме Алматы жылу электр орталықтары (ЖЭО), сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы туралы болған. Сол кезде Олжас Бектенов "3-ЖЭО бойынша жұмыс белсенді жүргізілмей жатқанын" атап өткен еді.
