Рахмонов Махачевтің кесірінен UFC-дегі жекпе-жегінен айырылды ма?
Жартылай орта салмақ кейінгі жылдары UFC-дегі ең бәсекелі салмақтардың біріне айналды. Үш жыл ішінде мұнда төрт чемпион ауысты, ал белбеуге үміткерлер арасында бірден екі файтер - қазақстандық Шавкат Рахмонов пен эквадорлық Майкл Моралес әлі күнге дейін жеңіліс көрмей келеді.
Тағы бір үміткер Карлос Пратестің айтуынша, UFC Моралес пен Рахмонов арасында жекпе-жек өткізбек болған, бірақ ақыры Пратестің өзін эквадорлыққа қарсы қоюға мәжбүр болған.
"Моралестің Шавкатпен жекпе-жегі жоспарланып қойған болатын", - деді ол Лаэрте Вианаға берген сұхбатында.
Қазіргі чемпион Ислам Махачев енді тек Рамазан айынан кейін жұдырықтасатынын мәлімдегендіктен, UFC қаңтардың аяғына Моралес пен Пратес арасында уақытша белбеу үшін айқас белгіледі. Пратестің бұл жаңалыққа реакциясы өте қатал болды:
"Ол қорқып кетті. Енді мен оралып, Махачевті бұрынғыдан екі есе қатты соққыға жығамын. Бұл оған сабақ болсын және мұндай қорқақтығын қойсын", - деді ол.
Шавкатпен расында келіссөз болды ма? Бапкердің жауабы
Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров шәкіртінің Моралеспен келіссөздері туралы ештеңе білмейтінін айтты.
"Шавкатқа қатысты ештеңе айта алмаймын. Онымен қандай да бір келіссөз жүргізілгенін естіген жоқпын, маған ешкім ештеңе демеді. Сондықтан Шавкат бойынша әзірге тыныштық", - деді ол.
Дивизиондағы жағдайға келсек, Базров Махачевтің мұндай шешім қабылдауға құқығы бар деп есептейді.
"Оның таңдау жасауға қақысы бар, ол бұған лайықты. Ол 70 келіде де, 77 келіде де чемпион, UFC аңызы. Оның дәрежесі мен мәртебесінде мұндай таңдау жасауға болады деп ойлаймын. Сондықтан ол қашан қаласа, сол кезде жұдырықтасады. Ол бәріне бәрін дәлелдеп қойған", - деп атап өтті бапкер.
- Неге уақытша титул үшін нақты Пратес пен Моралес жұдырықтасады? Сіздіңше, олар қазір дивизиондағы ең мықты файтерлер ме?
- Уақытша белбеу үшін дивизионның ең мықтылары таласады, өйткені бүгінде Пратес те, Моралес те бұл салмақта нағыз үздік екенін дәлелдеді, себебі олар өте мықты қарсыластардан басым түсті. Иэн Гэрридің де мүмкіндігі болған, оны да осы салмақтағы және лигадағы ең мықтылардың бірі деп санаймын. Сондықтан бұл әділетті шешім. Олар болмаса, белбеу үшін тағы кім таласуы керек? Пратес пен Моралес жұдырықтасуы тиіс. Меніңше, бұл UFC тарапынан өте әділ әрі нақты шешім", - деп жауап берді бапкер.
Пратес - Моралес: жекпе-жек қашан өтеді және кім жеңеді?
Карлос Пратес пен Майкл Моралес арасындағы жекпе-жек 30 қаңтарда Торонтода өтетін UFC турнирінің басты оқиғаларының бірі болады.
Пратес кейінгі үш кездесуін нокаутпен жеңді, оның ішінде бұрынғы екі чемпионды: Джек Делла Маддалена мен Леон Эдвардсты тізе бүктірді.
Моралеске келетін болсақ, оның да кейінгі үш жекпе-жегі мерзімінен бұрын аяқталған, ал аралас жекпе-жектегі жалпы сериясы 19-0 рекордына жетті - бұл Рахмоновтың көрсеткішімен бірдей.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Carlos Prates (@thenightmare_170) жарияланымы
Базровтың пікірінше, бұл кездесуде Пратестің фаворит болу мүмкіндігі жоғары.
"Ислам үзіліс алғандықтан, салмақ тоқтап қалмас үшін олар осындай қызықты жекпе-жек ұйымдастыруды ұйғарды. Мен оны асыға күтемін және міндетті түрде көремін. Өте тартысты әрі сапалы жекпе-жек болады деп ойлаймын. Неге екенін білмеймін, бірақ Пратес жеңеді деген ойдамын", - деді Шавкаттың тәлімгері.
Еске сала кетейік, Рахмонов кейінгі рет октагонға 2024 жылдың 7 желтоқсанында шығып, төрешілер шешімімен Иэн Гэрриді жеңген болатын. Одан кейін Шавкаттың бірнеше жекпе-жегі, соның ішінде Белал Мухаммадқа қарсы чемпиондық айқасы өтпей қалды. Қазір қазақстандық спортшы жарақаттарынан айығып жатыр, оның келесі жекпе-жегінің мерзімі әзірге белгісіз.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Shavkat Rakhmonov (@shavkatrakhmonov94) жарияланымы
Бұған дейін UFC президенті Дана Уайт жеңіліс көрмеген қазақстандық Шавкат Рахмоновтың октагонға оралуы мүмкін екені туралы пікір білдірді.
Ал Шавкат елдің бірінші ракеткасы Александр Бубликпен кездесіп, көз арбасу рәсімін өткізді.
Бек Нұрмағанбет Канело, құрама және “жыл нокаутынан“ кейінгі деңгейі туралы айтты
