Бір ай сырт алаңда ойнаған “Барыс“ үйіне оралады
Бүгін, 12 қарашада астаналық "Барыс" хоккейшілері Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында владивостоктық "Адмиралмен" кездеседі.
Кездесу Астанадағы "Барыс Аренада" өтеді және Қазақстан уақытымен сағат 19:30-да басталады.
Тікелей трансляция Qazsport телеарнасынан көрсетіледі.
Айта кетейік, бүгін қазақстандық команданың бас жаттықтырушысы Михаил Кравецтің туған күні - ол 63 жасқа толды. Шәкірттері тәлімгеріне жеңіс сыйлай алар ма екен?
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Барыс" хоккей клубының жарияланымы (@barys_official)
Үйге дейінгі ұзақ жол
Бұл кездесудің басты ерекшелігі - "Барыстың" ұзақ үзілістен кейін өз айдынына оралуы. Михаил Кравец шәкірттері Астанада соңғы рет 14 қазанда ойнап, екатеринбургтік "Автомобилисті" 4:1 есебімен жеңген болатын.
Осыдан кейін астаналықтар тоғыз қонақ кездесуінен тұратын ұзақ турнеге аттанды. 17 қазан мен 8 қараша аралығында "Барыс" Новосибирск, Хабаровск, Владивосток, Екатеринбург, Минск қалаларында өнер көрсетіп, сондай-ақ сырт айдындағы серия аясында "Куньлунь Ред Стар" мен "Трактормен" кездесті. Бұл ҚХЛ тарихындағы сырт алаңда қатар өткізілген матчтер саны бойынша рекордтық көрсеткіш болды. Бұған дейінгі рекорд сегіз ойын болатын.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Барыс" хоккей клубының жарияланымы (@barys_official)
Енді қазақстандық клуб екі матчті үйде өткіздеі. "Адмиралдан" кейін, 15 қарашада "Барыс" магнитогорскілік "Металлургті" қабылдайды.
Бетпе-бет кездесу алдында екі команданың да ұпайлары тең. 24 матчтен кейін "Барыстың" қоржынында 25 ұпай бар, бір ойын кем өткізген "Адмирал" да дәл осындай ұпай жинады. Қосымша көрсеткіштер бойынша астаналықтар турнир кестесінде жоғары тұр.
Қарсыластар осы маусымда 6 қараша күні Владивостокта кездескен еді. Ол кезде "Адмирал" 5:4 есебімен басым түскен болатын. Одан кейін Михаил Кравецтің шәкірттері "Амурдан" (0:2) жеңіліп, қатарынан үшінші рет сүрінді. Владивостоктық ұжым қазақстандық команданы жеңгеннен бері әлі матч өткізген жоқ.
Дөрекі ойын ба, әлде таза соққы ма? ҰХЛ-дағы нокаут жанкүйерлер арасында пікірталас тудырды
