Конституциялық сот мұғалімдерді әдепсіз әрекеті үшін жұмыстан шығару қаншалық заңды екенін бағалады
Қазақстанда мұғалімдер педагогикалық қызметті жалғастырумен үйлеспейтін адамгершілікке жат қылықтары үшін жұмыстан шығарылуы мүмкін. Конституциялық сот Еңбек кодексінде осы негіздің қаншалықты нақты жазылғаны туралы мәселені қарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұған жұмысын жалғастыруға сыйыспайтын адамгершілікке жат қылық жасағаны үшін Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14-тармақшасына сәйкес жұмыстан босатылған әйелдің өтініші себеп болды. Жұмыстан шығару туралы шешімді мектептің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесі қабылдаған.
Ол шешіммен келіспеген әйел келісу комиссиясына, кейін сотқа жүгінген. Алайда оның ісі бойынша қабылданған сот актілері өзгеріссіз қалдырылды.
Өтініш беруші заңнамада адамгершілікке жат қылықтың нақты белгілері мен объективті критерийлері жоқ деп есептейді. Оның пікірінше, бұл жұмыс берушілерге норманы тым кең түсіндіруге мүмкіндік береді және қызметкердің еңбек ету мен сот арқылы қорғалу құқығын бұзады.
Неге сот теріс қылықтардың нақты тізімін талап етпеді?
Конституциялық сот заңнамада тәрбиелік функцияларды атқаратын қызметкерлердің адамгершілік мінез-құлқына қойылатын талаптар бұрыннан белгіленгенін атап өтті. Атап айтқанда, педагогикалық әдеп және оны бұзғаны үшін жауапкершілік туралы арнайы нормалар қолданылады.
"Адамгершілікке жат қылық" ұғымы өз табиғаты бойынша бағалау сипатына ие, сондықтан оның мазмұнын іс-әрекеттердің жабық тізімі арқылы толық ашу мүмкін емес. Теріс қылықты бағалау нақты істің мән-жайын, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және кәсіби контексті ескеруді көздейді", - деп хабарлады сот.
Конституциялық сот қандай шешім шығарды?
Қарау қорытындысы бойынша сот "адамгершілікке жат қылық" ұғымы жеткілікті нормативтік айқындыққа ие және әрбір істің мән-жайын ескере отырып, тиісті норманы қолдануға мүмкіндік береді деген қорытындыға келді.
Сондай-ақ Конституциялық сот өтініш берушінің өз құқықтарын қорғаудың заңда қарастырылған тетіктерін пайдаланғанына - келісу комиссиясына және соттарға жүгінгеніне назар аударды.
Осылайша, сот дауланған норманы конституциялық емес деп таныған жоқ.
