Үш су тасқыны, екі мәрте эвакуация және контейнердегі өмір: петропавлдық ер адам мен баласының оқиғасы
Евгений мен Артём Михайловтардың үйіне бет алдық. Олардың жалғыз вагоны Есіл жағасында тұр. Бұл - күзетші күркесі. Евгений саяжай қоғамында күзетші болып істейді, ұлы Артём екеуі осында тұрып жатыр.
Фото Tengrinews.kz
"Сөзбе-сөз айтқанда, жұмыс орнында тұрамыз", - деп әзілдейді бізді қарсы алған Евгений.
Күрке ішіне кірдік. Іші тап-тұйнақтай, жинақы, бірақ өте тар.
"Иә, бір бөшкедегі екі майшабақтай (селедка) сығылысып отырмыз", - деп келісті үй иесі.
Евгений 48 жаста. Туылғаннан бері Подгора ауданындағы ескі екі қабатты үйдің пәтерінде тұрған - алдымен ата-анасымен, кейін анасымен және өз отбасымен.
Евгений Михайлов. Фото Tengrinews.kz
Артём 21 жаста, үшінші топтағы мүгедек. Ол дені сау, ширақ бала болып туып-өскен. Алты жасында мектепке барған, бірақ біраз уақыттан кейін аяғының ауыратынына шағымдана бастаған, сосын аяғының ұшымен жүретін болған. Үш жыл бойы ата-анасы аурухана табалдырығын тоздырса да, дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған.
Артём Михайлов. Фото Tengrinews.kz
"Ақыры оның нейропатия және ат-варустық маймақтық (конско-варусная косолапость) дертіне шалдыққанын анықтады. Бұл - табан ішке және төмен қарай қисайған ортопедиялық ауру. Алдымен екі рет ота жасалды, бірақ жақсармады. Кейін квотамен Астанаға бардық, ол жерде де екі ота жасалды. Елордалық дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасадық, бұдан артық көмектесе алмаймыз, жағдайы енді жақсармайды деді", - деді әкесі.
Бала үнемі оңалтудан өтіп тұрған, бірақ жүрісі қиындай берген, жиі құлайтын, баспалдақпен көтеріліп-түсу мүлдем мүмкін болмаған. Бесінші сыныптан бастап баланы үйден оқытуға көшірген.
Фото Tengrinews.kz
Артёмның анасы 2016 жылы, ол 11 жасқа толғанда кенеттен қайтыс болды. Ұлын тәрбиелеуге Евгенийдің анасы - Артёмның әжесі көмектесті. 2022 жылы ол кісі де коронавирустан кейінгі асқынулардан көз жұмған.
Қайғы-қасірет қабаттасып келді - анасын жерлегеннен кейін көп ұзамай Евгенийге ота жасалды. Біраз уақыт бойы жұмыс істей алмай, ұзақ қалпына келді, соның салдарынан жиһаз фабрикасындағы жұмысынан айырылған.
Ал 2024 жылдың сәуірінде Петропавлда алапат су тасқыны болды.
Тұман, тасқын және белгісіздік
"Өмір бойы Подгорада тұрдым, мұндай тасқын бұрын-соңды болған емес, - деп еске алады Евгений Михайлов. - Су бізге дейін жетпейді деп сенімді болдық. Бөгет бұзылғанда жарық сөніп, сиреналар қосылды, полицейлер мен құтқарушылар есік қағып, бәрін эвакуациялай бастады. Үстімізде не болса, сонымен үйден шығып кеттік, қараңғыда тек кейбір заттарды ғана жинап үлгердік. Тауға қарай көтерілгенде төбе шашың тік тұрады - жоғарыға қарай адамдар қашып барады, көліктер ағылып жатыр, балалар мен мүгедектер арбаларын итеріп барады, жанымызда иттер мен мысықтар жүгіріп жүр... Айнала тұман, алда не болары белгісіз".
Михайловтарға бұл жолды жүріп өту ерекше қиынға соқты. Артём әрең басады, жол бойы әкесі оны демеп жүрді. Адамдардың арасынан көршілерін кезіктіріп, олар әкесі мен ұлын бірге пәтер жалдауға шақырған.
Жақын күндері үйге ораламыз деген үміттері су сепкендей басылды. Тасқын суы үйдің ішіне 1,5 метрге дейін кірген. Бір айдан кейін су қайтқанда, Михайловтар үйіне кіріп, шошып кеткен: пәтер үйіндіге, дәлірек айтқанда, батпаққа айналған.
Михайловтар тұрған үйдің қазіргі кейпі. Фото Tengrinews.kz
Еске салсақ, 2024 жылы Подгора ауданының кейбір үйлері шатырына дейін су астында қалғаны хабарланған еді.
Tengrinews.kz мұрағатынан алынған фото
"Бірдеңелерді кептіруге тырыстық, суды сорғыздық. Осы уақытта мамандар баспанаға техникалық сараптама жүргізді. 1960 жылы салынған үй суға шыдас бермеді, ол апатты деп танылып, тұруға жарамсыз және қалпына келтіру мүмкін емес деп шешілді. Тасқыннан зардап шеккендерге берілетін жәрдемақыларды рәсімдеу үшін жүгіру басталды. Мен көптеген анықтама жинап, жәрдемақыға құжат тапсырдым. Бірақ тек 100 АЕК (2024 жылы 369 200 теңге) көлеміндегі біржолғы төлемді ғана алдым. Басқа көршілермен бірге басқа баспана алу мәселесімен әкімдікке барғанымда, маған пәтер берілмейтіні белгілі болды, өйткені пәтердің жартысы ғана менің атымда, ал екінші жартысы марқұм анамның атында екен. Мен мұрагерлік құқығына ие болып үлгермегенмін", - дейді Евгений Михайлов.
Михайловтар тұрған үй. Фото Tengrinews.kz
Темір контейнердегі баспана
2024 жылдың күзінен бастап Евгений Михайлов пәтердің екінші бөлігіне мұрагерлік құқығын рәсімдей бастады. Процесс тез бітпеді. 2025 жылдың ақпан айында құжаттар дайын болған кезде, ер адам бірден әкімдікке барып, құқық белгілейтін құжаттарды тапсырды. Ондағылар хабарласуға уәде беріп, телефон нөмірін қалдыруды сұраған.
Осы уақыт ішінде отбасы пана іздеумен болды. Алдымен Евгений ұлымен бірге көрші екі қабатты үйдегі таныстарының үйін паналады, кейінірек өз пәтерлеріне аз уақытқа оралды. Бірақ ол жерде тұру мүмкін емес еді. Үй апатты деп танылғаннан кейін ол жылу мен электр жарығынан ажыратылды. Қазір Михайловтардың бұрынғы үйі бос, терезелері қараңғы болып қаңырап тұр.
Михайловтар тұрған үй. Фото Tengrinews.kz
Бұдан кейін Евгений мен Артемді бір досы үйіне шақырған. Бірақ ыңғайсыз болғандықтан, Евгений басқа нұсқаларды іздестірген.
Нәтижесінде 2025 жылдың қаңтарында ол Есіл өзенінің жағасында орналасқан саяжай қоғамына күзетші болып жұмысқа орналасқан. Қоғам төрағасы күзетшіге тұрақты тұру үшін темір контейнер-вагон берді.
"Төраға да, саяжай иелері де өте керемет жандар екен. Бізге көп көмектесті, оларға үлкен рақмет. Киім-кешек беріп, тамақтандырып, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр", - дейді Евгений ризашылықпен.
Әрине, вагондағы тұрмыс жағдайы басында мәз емес еді. Қабырғалары минералды мақтамен оқшауланып, ламинат және клеенкамен қапталған. Желдету жүйесі болмағандықтан, конденсат жиналып, төбеден су тамшылап, бәрі ісініп кеткен, іші өте ылғал әрі салқын болды. Бақытқа орай, қыс жылы болып, Михайловтар қыстан әрең шықты. Бірақ 2025 жылы су тасқыны, бұрынғыдай ауқымды болмаса да, тағы да қайталанды.
"30 наурызда су келе бастады. Бізді эвакуациялауға полиция қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері келді. Сол сәтте 2024 жылғы тозақ тағы еске түсті, тағы да судан қашып барамыз, Артем әрең жүріп келеді, сөмкелерді сүйреп келеміз, бірақ ешкім мүгедек баланың мұндай жағдайда неге тұрып жатқанын сұрамады да. Бізді автобусқа отырғызып, жатақханаға апарды", - дейді Евгений күйініп.
Сол кезде вагонды толық су басып, ол шатырына дейін су астында қалды. Евгений тағы да қалалық әкімдікке барған:
"Ол жердегілер мені таңғалдырды. "Сіз кімсіз?" деп сұрайды. Мен: "Бұл қалай болғаны, мен сіздерге неше рет келдім ғой, хабарласамыз деп уәде бергенсіздер, ал соңында тіпті мені танымай да тұрсыздар. Менің ұлым - мүгедек, тағы да су тасқыны болды, тұратын жеріміз жоқ, заң бойынша тиесілі болса, ең болмағанда бір баспана беріңіздерші!" дедім".
Жауап ретінде Евгений үйреншікті: "Күте тұрыңыз, өзіміз шақыртамыз" деген сөзді естіген. Маусымға дейін олар Артеммен бірге жатақханада тұрды, кейін олардан ол жерден шығуды өтінген.
"Мен тағы да әкімдікке бардым, олар тағы да менің кім екенімді сұрады. Мен наразылық білдіріп, прокуратураға шағымданатынымды айттым. Ал маған қызметкер әйел: "Прокуратураға ма, БҰҰ-ға ма, мейлі Пентагонға ма, қайда шағымдансаң да өз еркің" деп жауап берді. Не айтарымды да білмей қалдым. Қолымды бір-ақ сілтеп, ол жерден шығып кеттім", - деп еске алады ер адам.
2025 жылдың маусымында пәтерден үміт жоқ екенін түсінген Михайловтар вагонына қайта оралды. Төрағаның көмегімен Евгений ол жерді жөндеп, қабырғаларын жылылап, желдету жүйесі мен радиаторлар орнатты. Саяжай иелері диван, үстел, тоңазытқыш, газ плитасын және кілемдер әкеліп берді. Әкесі мен баласы қолдан келгенше тұрмыстарын түзеп алған.
"Далада күн суытса, вагон бірден суып, қатып қалады. Аязда мұнда небәрі бес-ақ градус болды, тоңбас үшін киіммен ұйықтадық. Едені ылғи мұздай. Темір контейнер тұруға арналмаған. Ол тек қысқа уақытқа бой жылытып, тамақ ішуге ғана жарамды. Кір жууға және шомылуға таныстарымыздың моншасына барамыз, ал баламен алысқа бара алмайсың, мұндай жалақымен таксиге де ақша жетпейді", - деп ағынан жарылды Евгений.
2026 жылдың сәуірінде Петропавлда тағы да су тасқыны болды. Бұл Михайловтар отбасы үшін үшінші эвакуация еді. Бұл жолы жалғыз баспанасын, сонымен бірге жөндеуге жұмсаған барлық еңбегі мен қаржысын аман алып қалу үшін күзетші мен ұлы вагонмен бірге кетті. Контейнерді көлікке тиеп, Бескөлдегі ипподромға апарды, сол жерден оларға орын берілген.
Ал 30 сәуірде Евгенийді қалалық әкімдіктегі тұрғын үй комиссиясына шақырған.
"Ол жерге үлкен үмітпен бардым. Шақырған соң мәселе шешілетін шығар деп ойладым. Барлық құжатты көрсеттім, ал маған: "Біз сізге ештеңе ұсына алмаймыз, бос тұрғын үй жоқ" деді. Сол кездегі түңілгенімді айтсаңызшы, тіпті жылап жібергім келді. Осы үшін ғана шақырды ма?! Бар үмітімді үзу үшін бе?" - дейді ер адам кейіп.
Евгений осы күнге дейін әкімдікке ара-тұра барып тұрады, бірақ нәтиже жоқ. Контейнерде тұрғандықтан Михайловтардың басқа да мәселелері туындап жатыр.
2026 жылдың сәуірінен бастап Артем мүгедектігін ұзарта алмай жүр және жәрдемақы алмайды. Су тасқынына байланысты эвакуация кезінде ол барлық дәрігерлерден өтіп, комиссиядан шығып үлгермеген. Ал қазір ол дәрігерлерге жазыла алмайды, өйткені мүгедектігімен бірге сақтандырылу мәртебесінен де айырылған.
"Бұл бір тығырыққа тірелген жағдай. Оның үстіне ол - қозғалысы шектеулі жан, оны бір жерге апару - үлкен проблема. Маған әлеуметтік такси шақырыңыз дейді, бірақ оның үшінші жұмыс тобы болғандықтан, такси келмейді. Оған өмір бойлық мүгедектік бермейді, жыл сайын растауға тура келеді. Жыл сайын осындай азап", - дейді әкесі.
Оны ұлының болашақ тағдыры да алаңдатады. Артем 11 сыныпты бітірген, бірақ әрі қарай оқуға түсе алмады. Ол сабаққа барып оқи алмайды, ал қашықтықтан оқитын курстарға қаражат жоқ.
"Біз мүгедектерге арналған қолмен басқарылатын автокөлік куәлігін алу жағын ойластырғанбыз. Артем такси жүргізушісі болып жұмыс істей алар еді. Бірақ ол үшін көлік сатып алу керек. Егер өз баспанамыз болса, мен жалақысы жоғары жұмысқа орналасып, автонесие алар едім. Сондай-ақ жақын маңда бірдеңе болса, ол ең болмаса оқуына барар еді, ал қазір біз ешқайда шыға алмайтын "қиыр шетте" отырмыз, дүкеннің өзі екі шақырым жерде. Мұндай жағдайда қандай оқу, қандай болашақ болуы мүмкін?" - дейді Евгений Михайлов.
"Бізде не дұрыс емес?!"
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылғы су тасқыны кезінде бүкіл Петропавл бойынша 2 485 үйді су басқан, оның 1 873-і апатты деп танылып, сүрілді. Подгора ауданында небәрі 500 үй қалды, 1 300-ге жуығы бұзылды. Үй иелерінің барлығы айырылған баспанасының орнына жаңа үй алды. Бірақ Евгений Михайлов емес.
"Мен бізде не дұрыс еместігін түсінбеймін. Заречный кентінің тұрғындарына алдымен үйін қалпына келтіру үшін өтемақы төледі, кейін тіпті көшіру туралы шешім қабылдап, олар үшін қаладан көпқабатты үйлер салып берді. Подгораның барлық тұрғыны, оның ішінде біздің екі қабатты үйдегі көршілеріміз де пәтер алды, алты пәтердің ішінен тек біз ғана баспанасыз қалдық. Міне, үшінші жыл күтіп жүрміз... Мен әбден таусылдым, бұл әділетсіздіктен шарасыздық пен дәрменсіздік сезімін кешіп жатырмын", - деп түйіндеді Евгений Михайлов әңгімесін.
Қалалық әкімдіктің Tengrinews.kz тілшісіне хабарлауынша, 2024 жылғы су тасқыны кезінде Евгений Михайлов анасының өлімінен кейін мұрагерлікті әлі рәсімдемеген, сондықтан оның баспанаға қатысты қажетті құжаттары болмаған.
"2026 жылғы 30 сәуірде оның мәселесі комиссияда қаралып, кезек ретімен тұрғын үй беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда тұрғын үй қорында беруге болатын бос пәтерлер жоқ. Бюджеттен қаражат бөлінуіне қарай, Петропавл қаласының әкімдігі пәтер сатып алу мәселесін қарастыратын болады", - деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Фото Tengrinews.kz
Сондықтан әкесі мен баласы қазір контейнерде үшінші қысты қарсы алуға дайындалып жатыр және көктемгі кезекті су тасқынын үреймен күтіп отыр.
