Қарабақ аталмады: Пашинян Арменияның жаңа конституция жобасын таныстырды
Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің жаңа конституциясы жобасын таныстырды. Негізгі заң мәтінінде Тәуелсіздік декларациясына сілтеме жоқ - бұл құжатта Таулы Қарабақ пен 1915 жылғы армян геноциді туралы айтылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz Armenia Today-ге сілтеме жасап.
Бұған дейін Әзербайжан билігі бұл тармақтарды Ата заңнан алып тастауды бейбіт келісім жасасудың міндетті шарттарының бірі ретінде бірнеше рет атаған болатын. Армения министрлер кабинетінің басшысы конституциялық өзгерістер қажеттілігін жаңа геосаяси шындық талаптарымен түсіндіріп, бұрынғы декларация текетірес логикасына сүйенгенін айтады.
Бұған дейін үкімет пен парламентте сөйлеген сөзінде Никол Пашинян азаматтар референдумда жаңа конституция жобасын қолдамаса отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген. Егер негізгі заң дауыс беру кезінде мақұлданса, премьер келесі парламенттік сайлауда үкімет басшысы лауазымына үміткер болмауға уәде берді.
2024 жылғы қаңтарда Пашинян елге "жаңа геосаяси жағдайларда елдің өміршеңдігін" қамтамасыз ететін жаңа конституция қажет екенін айтты. Кейін ол армян конституциясының негізі саналатын Тәуелсіздік декларациясының ережелері елге соғыс қаупін төндіретінін нақтылады.
Тағы оқыңыз: Армения 20 жылдан кейін Еуроодаққа кіруі мүмкін - Пашинян
