“74 рет“. Иранда хиджабсыз концерт берген әнші мен музыканттарға дүре соғылды
Иранда әнші Парасту Ахмади мен оның концерттік тобының төрт мүшесіне қатысты сот үкімі орындалды. Бұл туралы Tengrinews.kz Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2024 жылы Ахмадиге хиджабсыз тікелей эфирде ән айтқаны үшін қылмыстық іс қозғалды, сол сәтте оқиға орнында көрермендер болмаған. Ахмадидің концерті оның YouTube-арнасында трансляцияланып, миллиондаған қаралым жинады.
Кум қаласының қылмыстық соты музыканттарды "интернетте әдепсіз және моральға қайшы контент жасау әрі тарату арқылы қоғамдық имандылықты бұзды" деп айыптады.
Сот жалпы алғанда концерттік топтың тоғыз мүшесінің әрқайсысын 74 дүре соғуға, екі жылға елден шығуға тыйым салуға және екі жылға шығармашылық қызметпен айналысуға шектеу қоюға үкім етті.
Amnesty International маусым айында дүре соғудың азаптауға және басқа да қатыгездікке абсолютті тыйым салуды бұзатын "қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын жаза" екенін алға тартып, үкімнің күшін жоюға шақырды. Ұйым Тегеранды хиджаб кию міндетін және дене жазасын алып тастауға, сондай-ақ пікір білдіру еркіндігін қылмыстық деп тануды тоқтатуға үндеді.
Алайда 2026 жылдың қыркүйегінде апелляциялық сот жаза туралы шешімді күшінде қалдырды. Дүйсенбі, 23 қарашада әншінің адвокаты Ахмади мен оның концерттік тобының төрт мүшесіне қатысты дене жазасы туралы сот үкімінің орындалғанын хабарлады.
Ислам Республикасының заңдарына сәйкес, әйелдерге ер адамдар бар жерде көпшілік алдында ән айтуға тыйым салынған. Қылмыстық заңда әйелдердің ән айтуы тікелей қылмыс ретінде көрсетілмесе де, орындаушыларға әдетте азғындық пен жезөкшелікті насихаттау, хиджаб кию талабын сақтамау немесе қоғамдық имандылықты бұзу сияқты айыптар тағылады.
Кейінгі жылдары билік бұл айыптауларды ирандық әншілерге тиесілі Instagram-дағы көптеген парақшаларды жабу үшін пайдаланды. Көпшілік алдына хиджабсыз шыққаны үшін 10 күннен екі айға дейін бас бостандығынан айыру, 74 дүре соғу немесе айыппұл түріндегі жаза қарастырылған.
