Германияда мыңдаған мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келген
Tagesschau мәліметінше, тек Баден-Вюртемберг жерінде 1100-ден аса оқу орны осындай хат алған, деп жазалы DW Telegram-арнасында.
Басқа федералды жерлерде де бомба қойылғаны туралы анонимді хат алған мекемелер саны айтарлықтай көп: Рейнланд-Пфальцте 271 мектеп, Саксония-Анхальтта 260-қа жуық мектеп, Саксонияда 200-дей мектеп.
Осындай хабарламалар Тюрингия, Берлин, Гамбург, Төменгі Саксония, Солтүстік Рейн-Вестфалия, Бранденбург, Шлезвиг-Гольштейн және Мекленбург-Алдыңғы Помераниядан да келіп түсті. Бүкіл ел бойынша нақтыланған мәліметтер әзірге жоқ.Сонымен қатар мектептерден жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Полиция бұл жағдайды дүрбелең туғызып, ауқымды полиция операцияларын ұйымдастыруға бағытталған үйлесімді акция болуы мүмкін деп қарастырып жатыр. Берлиндегі Германия полициясы кәсіподағының өкілі Беньямин Йендро қоқан-лоқы жасағандарды анықтау қиынға соғуы мүмкін екенін айтты.
"Әріптестеріміздің кәсібилігіне қарамастан, бұл хаттардың нақты қайдан келгенін анықтау мүмкін болатынына онша сенімді емеспін", - деді ол.
Полиция Еуропаның басқа елдеріндегі осыған ұқсас қоқан-лоқылармен байланыстың бар-жоғын тексеріп жатыр. Дүйсенбіде Дания мектептеріне де бомба қойылғаны туралы осындай хабарламалар келіп түскен. Бұған дейін Италияның мыңдаған мектебі ұқсас ескертулер алып, эвакуацияланған болатын. Ал оның алдында Еуропадағы авиация саласы мен бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары бомба туралы хабарламалардың жаппай таратылуына тап болған еді.
Тағы оқыңыз: Қандай “қалжың“ үшін 21 миллион теңге айыппұл арқалауыңыз мүмкін?
