Астанада Buyer's Union ұйымдастырушыларына үкім шықты
Пайызсыз баспана мен автокөлік уәде еткен
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы маусым мен 2025 жылғы ақпан аралығында Қазақстанда Buyer's Union қаржы пирамидасы жұмыс істеген. Оның ұйымдастырушысы Ш. есімді азамат И., Х., К. А.-ның көмегімен әрекет еткен.
"Ақша қаражатын тарту үшін қатысушыларға (салымшыларға) пайызсыз тұрғын үй мен автокөлік сатып алу ұсынылған. Осы сылтаумен салымшылардан ақша қабылданып, нәтижесінде 44 азаматқа 111 млн теңгеден аса материалдық залал келтірілген", - деп хабарлады сот.
Сотталушылардың кінәсі өздерінің, жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, хат алмасулармен, қарау және алу хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Барлық бес сотталушы бұған дейін, 2026 жылғы 27 ақпандағы сот үкімімен дәл осы баптар бойынша сотталған.
Сот қандай жаза тағайындады?
Алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігін ескере отырып, түпкілікті мынадай жаза тағайындалды:
Ш. - 7 жыл 6 айға;
И. - 6 жыл 6 айға;
А., Х. және К. - әрқайсысы 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сотталғандар азаматтардың қаражаты мен инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 8 жылға айырылды.
Бұдан басқа сотталғандардан ортақ тәртіппен 44 жәбірленушінің пайдасына материалдық залалды өтеу есебіне 111 168 000 теңге, сондай-ақ 700 000 теңге өкілдік шығыстар өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Buyer's Union ісі туралы не белгілі?
2025 жылғы наурызда Қаржылық мониторинг агенттігі Buyer's Union қызметі тоқтатылғанын хабарлаған. Мекеме мәліметінше, кооператив 300 миллион теңгеден аса қаражат салған 250-ден аса салымшыны тартқан. Қатысушыларға жылжымайтын мүлік пен көлікке ақша салу ұсынылып, жаңа клиенттер тартқаны үшін табыс уәде етілген.
