Шетел азаматы Қазақстан шекарасынан 200 000 доллар алып өтпек болған
16-25 қараша аралығында шекарашылар өткізу бекеттері арқылы декларацияланбаған валютаны өткізудің 59 әрекетіне тосқауыл қойды. Тәркіленген қолма-қол ақшаның жалпы сомасы 508 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Tengrinews.kz ҰҚК Шекара қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 18 қарашада Ақтөбе облысындағы шекарада Қазақстан азаматының жүгінен 4 441 500 рубль (шамамен 23 миллион теңге) табылды.
23 қарашада "Қордай" өткізу бекетінде 200 000 долларды (шамамен 91 миллион теңге) жасырын өткізбек болған шетелдік анықталды.
"Аталған фактілер бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін құзыретті органға жолданды", - деп хабарлады Шеккара қызметі.
ҰҚК Шеккара қызметі республика аумағынан тыс жерге заңнамада белгіленген сомадан артық қолма-қол ақша шығаруға тыйым салынғанын ескертеді. Ол 10 мың доллардан (қазіргі бағам бойынша 4 588 500 теңге) аспауы тиіс.
Шетелге долларды чемоданмен алып шығуға бола ма?
