Ата қаз
Осы бір ата қаз қызылкөз пәле болды. Өзінен Болат та, Жанат та, тіпті Қанаттың қабаған күшігі Ақтөс те қорқады. Шүпірлеген балапандарын ертіп, қоқиланып, ертеңді-кеш есік алдында жүреді де қояды. Өзінің мықтылығын мақтан ететін сияқты Қанатқа. Көшеге шығайын десе, осы ата қаздан қорқып, көбіне үйде жіпсіз байланады. Кірген-шыққан сайын әжесіне кіріптар. «Әже, ойнағым келді, ата қаздан шығаршы» деп, қыңқылдайды. Болмаса, «Әже, үйге кірем» деп, сырттан айқайлап тұрғаны. Ұят-ақ!
Қанат терезе алдында отыр. Көшеде батпырауық ұшырып ойнаған балаларға жаутаңдай қарайды. Жүгіре шығып, ол қосыла кетейін десе, ата қаз есіктің көзінде жүр. «Қыдығы-ғиқ-ғиқ-ғиқ!..» дейді. Сірә, балапандарына: «Қанат бала шықса, бас салу керек» дейтін...