Өмірге құштар өр тұлға
...Баубек, шын мағынасында әлі толысып та үлгермеген балауса Баубек. Құрбылары оны «қыз жігіт» деп әзілдейтін-ді. Бірақ та Баубек бойында қыз нәзіктігі де, сылбыр ұяңдық та емес, мәдениетті жасқа лайық табиғи биязылық, табиғи әдептілік болатын. Бет пішінінде де үлпілдек сұлулық емес, жігерлі жігіт сүйкімділігі барды. Рас, ол табиғи әдептіліктен аспай, әрқашан күліп қана тұратын. Дарақы жандардай ерсі қарқылдамай, биязы ғана күлімдейтін. Күлген сәтте, жаңылмасам, оң бетінде оймақтай шұқыр пайда болатын. Бәріміз де қызыға қарайтынбыз. Баубек қыз балаша қызарып, бетіндегі шұқырды алақанымен жаба қоятын. Еттілеу еріндері арасынан кіршіксіз ірі тістерін түгел көрсетіп, дауыстап күлетін сәттерін өте сирек кездестіретінбіз.
Бет бояуы қоңырқай болғандықтан...