Индустрияландырудың екінші бесжылдығында жаһандық технологиялық трендтерге мейлінше мән беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы Мемлекет басшысы айқындаған жаңа экономикалық саясат - «Нұрлы жол» бағдарламасымен, ондағы инфрақұрылымды дамыту жобаларымен ұштасқаны белгілі. Айта кетерлігі, индустрияландырудың бірінші бесжылдығында ұлттық экономика сипаты біршама серпінді өзгерістерге иеленді. Қазақстанда бұрын шығарылмаған жаңа тауар түрлері өндіріліп, еліміздің экспорттық қуатын ұлғайтатын нысандар бой көтерді. Ең бастысы, бірінші бесжылдық аясында жұртшылық жаңа жұмыс орындарымен қауышты. Дегенмен, бірінші бесжылдық аясында салынып, әлі қуатына мінбеген индустриялық жобалар бар. Көрсеткіштер бойынша айтсақ, индустрияландыру бағдарламасының аясында елімізде 770 жоба іске қосылған. Дегенмен, олардың ішінде 200 жобаның өндірістік қуаты әлі де толық пайдаланылмай келе жатыр. Ендеше осының бәрі елдің ертеңгі игілігіне айналытыны сөзсіз.