Көктемнің мөлдір тамшысы
Шалғайдағы, ұлтарақтай ғана қалаға көктем кеш келді былтыр. Қыс ұзаққа созылған. Жаздың жағалауына ентелей кеп соғылып, демде демі тынған көктем толқыны бір жалт етіп көрініп, ғайып болған сиқырлы сұлу елес болды ескі шаһар үшін. Кеш болса да, көктем ғой. Лап етіп жанған бетте жалп етіп өше қалған шырақтай — сәулесін сағындырып, аңсатып кеп, көзіңді қарықтырып, сезімді талықсытып жіберген. Көктем көздің жасындай сырғып, жаздың кірпігіне іліккен…
***
Қала шетіндегі ескі қойманың ішіндегі қыстан қалған сызды қуып шықты көктем. Әу баста шифермен қымталмаған қойма шатырындағы қар қыста да күн қызуымен ери жібіп, ақпанның ақырған аязында қақша тілініп, қақырап кеткен шайырлы қарамай арасына...