Зауал
Жер төсіне төне түскен қорғасындай ауыр бұлттар аспан аясын тарылтып жібергендей. Тосыннан жарқ ете қалған найзағай жарығы түн көбесін сөгіп өтіп, жер төсіне сүт сәулесін аяусыз бүркіп-бүркіп алады. Қараңғылық құшағына еніп, қалғи бастаған меңіреу түз аспан төсін осқылаған от бишіктің жарқылынан селт етіп, қайыра марғау тыныштыққа бата жөнеледі. Осынау беймезгіл шақта суыт жылқы қуған үш жолаушы қоңыр адырдың шығыс сілемін сабақтай келіп, Еділбай өзегіне ілікті. Жылқы қуғандар өзекті өрлеп барып, қырға тырмысқанда тізгінін тежесті. Қуғын көрген жануарлар осқырып-пысқырып, жабағы, тайлар шұрқырасып, мама биелер оқыранып, әрең тоқтаған.
— Мына күннің өзі қайтер екен,.. жауа ма деп едім, зәнталақ, әлі толғатып тұр...