Тамшылар
Дүк, дүк, дүк...
Оянып кетті, көзін ашты. Аузы қаңсып жатыр. Таңдайы темір татиды. Әдепкіде түк көрген жоқ. Тас қараңғылық екі иықтан албастыша басыпты. Ұйып қалған қол-аяғын көзге көрінбес ұсақ құмырсқалар тістелеп жатқандай шым-шым етеді.
Дүк, дүк, дүк...
Әр секундқа ілесе шыққан дүкіл ғана тірлік белгісі.
Оң жамбасына әупіріммен аунап түсіп еді, иіс сезді. Қатарындағы жас келіншектің қалың қолаң шашынан елбіреп кеткен етене таныс иіс. Келіншек ұйықтап жатыр. Қолын созып еді, алақанына шаш талдары тиді, Күрсінді. Қара шаштан қайран жоқ - дүкіл тынбады. Бұл не сонда? Сағат десе, ондай жылтыраққа әуестігі жоқ-ты. Бір күн жүрсе, екі күн тоқтап қалатын қоңыраулы сағатты...