Крест
Қарамайлы шпалдайын қарапайым теміржолшылықтан түксіз-дымсыз күйде зейнеткерлікке шығып, арзымас ақшамен күнелтетін Бісмілләнің асырап алған баласы бес-алты апта ауырып қайтыс болды.
Стансаның алып акациялар қоршаған амбулаториясынан шақырылған фельдшер Бісмілләнің баласын алғашқы күні жан-жақты тексеріп көріп, облыс орталығындағы арнайы ауруханаға, психиатрларға апаруға кеңес берген. Бісмілләға салса, қарызданып-қауғаланса дағы бір сағат та кідірмес еді, алайда Андрей ешқайда аяқ баспайтынын білдіріп, Тәңіртаудың шыңылтыр көк аспанындай көздері айрандана қарағанда, лажсыздан амалсызданған.
Асыранды ұл Андрейді бала дейтіндей де емес-ті. «Андрей бала» атанып кеткенімен, жасы жиырмаға жетеқабыл болатын. Он екі жасында тү-у Тула жақтан тауарлы пойызбен ауып жетіп, Сағыр стансасында тентіреп жүрген жерінен Бісміллә біржолата үйіне ертіп...