Жынды қойдың етін жеген қасқыр
Ол да бір заман еді-ау. Кеңес үкіметі төңкеріліп түсіп, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан кез. Сонау 93-тің тақырланған тауық жылы-тұғын. Қараша айының соңғы парақтары қырқылып, сүреңсіз желтоқсанның сұрғылт бұлты қоюланып әне-міне терістен орай соғатын сырғыма ақ боран басталатын сыңайда, аспан толғағы ауырлап, еңсені зіл басқан көңілсіз күндердің бірі еді. Жиегі қырқылып ақтазданған, әрі ыстанып түтін иісі сіңген түлкі тымағын милықтата киіп Кәден шал сыртқа шықты. Желді күнгі көлдің толқынындай қатпар-қатпар әжімін тыржитып аспанға қарады.
— Япырмай, мына күннің ашылатын түрі жоқ. Қостағы балалар не болып жатыр екен, — деп, совхоздың жылқысы қыстайтын қүрең адыр...