Күлдегі күлше
Моңғолия мен Қытай шекарасын арлы-берлі жылқы айдаған қазақтар тоздырып тұрған сонау бір заманда мынадай бір оқиға болған екен. Хасен дейтін алдаспандай азаматты Моңғол үкіметі ұстамақ болып, күзеуде жалғыз үй отырған жерінде әскерлер жетіп келеді. Хасен аң аулап кеткен екен. Өзінің іздеуде екенін білетін ол кешке қарай үй жағына дүрбі тартса үйінің айналасында әскердің аттары тұрады. Содан анда-санда дүрбісін тартып қойып, керегежартасты жоталардың бір жақпарында жатады. Әскерлер Хасенді күн күтіп, түн күтіп, ақыры үйді көшірмек болады. үйді жығып астаң-кестеңін шығарып жүктерін түйеге артады.
Аң аулауға шыққанда артық оқ арқалап жүрмейді ғой, Хасеннің мылтығы қолында болғанымен оғы үйде қалған екен. Енді қайтпек?...