Франция балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуы мүмкін
Франция парламентінде 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі lemonde.fr-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Бастаманы президент Эммануэль Макрон қолдап отыр. Бұған дейін ол мұндай ұсынысты парламент қаңтарда талқылай бастауға тиіс екенін айтқан.
Заң жобасында: "Көптеген зерттеу мен есеп жасөспірімдердің цифрлық экрандарды шамадан тыс қолдануы түрлі қауіп-қатерге алып келетінін растайды" делінген.
Үкіметтің мәліметінше, интернетке шектеусіз қолжетімділігі бар балалар "жасына сай келмейтін контенттің" ықпалына түсуі мүмкін, кибербуллингке ұшырайды әрі ұйқы режимі бұзылуы ықтимал.
Заң жобасы екі баптан тұрады. Біріншісі 15 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желілер қызметін онлайн-платформаның ұсынуын заңсыз деп жариялайды. Екіншісі орта мектептерде ұялы телефон пайдалануға тыйым салуды көздейді.
Макрон кәмелетке толмағандарды цифрлық кеңістікте қорғау үкімет үшін басым бағыт екенін атап өтті. Дегенмен, тыйымды орындауды қамтамасыз ету және халықаралық құқық нормаларын сақтау мәселесі күрделі болып қала береді.
Айта кетейік, Францияда 2018 жылы бастауыш және орта мектептерде ұялы телефон қолдануға тыйым күшіне енген, алайда ол тәжірибеде сирек орындалады.
Сонымен қатар, Франция 2023 жылы "цифрлық заңды жас" ретінде 15 жасты бекітетін заң қабылдап, ЕО ережелерін бұзды деген сынға қалған. Кейін бұл заң бұғатталған.
Қазір Франция Сенаты бастаманы қолдап, құжатты Ұлттық жиналысқа жолдаған. Енді мәтін мақұлданса ғана ол заң күшіне енеді.
Анықтама: ДДСҰ дерегіне сәйкес, жасөспірімдердің 11 пайызы әлеуметтік желілерді қолдануда өзін-өзі бақылай алмай қалады. Зерттеушілер әлеуметтік желілерді депрессиямен, оқу үлгерімінің төмендеуімен және дене бітімін қабылдай алмаумен байланыстыратын деректер бар екенін айтады.
Франция бұл бағытта Аустралияның тәжірибесіне сүйеніп отыр: елде желтоқсанда алғаш рет балаларға әлеуметтік желілерге шектеу енгізілген. Онда TikTok, Instagram немесе Snapchat секілді платформаларды жасөспірімдер тек 16 жастан бастап пайдалана алады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
