Қазақстанда күн 20 градусқа дейін жылы болады
Қазгидромет синоптиктері 16, 17 және 18 ақпанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алдағы үш тәулікте Орал тауы маңынан жылжып келе жатқан циклон Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Соның салдарынан жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, боран соғады.
"Алайда 18 ақпаннан бастап циклонның артынан Хельсинки маңынан жылжитын антициклон әсер ете бастайды. Бұл солтүстік өңірлерде ауа температурасының төмендеуіне және жауын-шашынның біртіндеп тоқтауына әкеледі", - деп хабарлады синоптиктер.
Қазақстанның солтүстігінде түнде ауа температурасы 18–23 градус аязға дейін төмендейді.
"Ал оңтүстік өңірлерде, керісінше, күндіз ауа температурасы 15–20 градусқа дейін жылиды. Бұл Қара теңіз маңынан жылжып келе жатқан кезекті циклонның әсеріне байланысты", – делінген хабарламада.
Ақпандағы "тосынсый"
Бұған дейін синоптиктер Қазақстан бойынша ақпанға арналған жалпы ауа райы болжамын жариялаған болатын. Мамандардың айтуынша, ақпан әдеттегіден жылырақ болып, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
