Президент елдің өткені мен жаңа даму кезеңі туралы айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы туралы пікір білдіріп, қазақстандықтарды даму, бірлік және дамуға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы жаңартылған Ата заңымыздың преамбуласын еске салды.
"Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана.
Біз ешқандай кедергі мен қиындыққа қарамай, елімізді өркениет жолына шығаруымыз керек. Халқымыздың тарихи тағдыры – өзіміздің қолымызда".
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ екенін атап өтті.
"Шындықты айтсақ, Қазақстанның дамуы мен өрлеуі бізден басқа ешкімге керек жоқ. Сондықтан қазіргі ұрпақ Отанымыздың баянды болашағы үшін барлық жағдайды жасауы керек.
Қазақ халқының өткен тарихын қасіретке толы күрделі тарих деп күмәнсіз айтуға болады, оның бәрін жақсы білесіздер. Бірақ қазіргі заманда бұл тақырыпты қайта-қайта айтып, қара бұлтты төндірудің, мұңға батудың қажеті жоқ".
Президенттің айтуынша, халық болашаққа сеніммен қарап, өмірін заман талабына сай өзгертуі керек.
"Мұңды халық ешқашан бақытты, табысты болмайды. Бұл да – өмір заңы және ақиқат. Жастардың болмысын жоғары технологияларға, техникаға бұру керек. Себебі қазіргі замандағы мемлекет дамуының кілті – техника мен озық технологияда, соның ішінде ең алдымен жасанды интеллектіде. Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып осы ұлы тарихи жорықта міндетті түрде жеңіске жетуіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, миссиямыз".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
