“Жоғалған ақшаны қайтарамыз“: қазақстандықтарға жаңа схема туралы ескертілді
Қазақстандықтарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі атынан таратылып жатқан жалған құжаттар туралы ескертілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жалған құжаттарда алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға ақшаны қайтару рәсімі жүріп жатқаны туралы айтылған. Сондай-ақ қаскөйлер криптовалюта биржаларындағы, криптоәмияндардағы және банк карталарындағы транзакцияларды тексеруді ұсынады.
"Агенттік алаяқтық немесе өзге де операциялар нәтижесінде жоғалған ақшалай қаражатты азаматтарға қайтару жөніндегі рәсімдерді жүзеге асырмайды, сондай-ақ ақшалай қаражатты қайтару жөніндегі қызметтерді ұсынатын үшінші тұлғалардың сенімділігін растамайды", - делінген хабарламада.
"Ақшаны қайтару" үшін қаражат аудармаңыз
ҚНРДА қазақстандықтарды белгісіз тұлғаларға ақша аудармауға және оларға дербес деректерді, банк карталарының деректемелерін, SMS-кодтар, парольдер және басқа да құпия ақпаратты бермеуге шақырды.
Егер "ақшаны қайтару" үшін комиссия, сақтандыру немесе басқа төлем талап етілсе, сақ болу қажет. Мұндай жағдайларда агенттік төлем жасамауға және құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді.
